Ұлттық зиялылары Елбасы мақаласы жайлы пікір білдірді
Тарихқа тағзым
«Егемен Қазақстан» газеті арқылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен танысып, халқымыздың тамыры терең тарихына бойлап, толғанып отырмыз. Өткеннен өнеге алып, болашаққа бағдар жасау саналы ұрпақтың өнегесі. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерді ұрпағына қалай аманат етсе, біз де келер ұрпағымызға жерімізді ата дәстүрімізді, салт-мәдениетімізді, тарихымызды сол қалпында жеткізуіміз шарт. Осы мақсатта Елбасы туған халқының бар болмысын тереңнен суыртпақтап алдымызға жайып салды.
Төл тарихын бағалай білетін халықтың болашағы үлкен. Оны насихаттау, маңыздылығын халыққа жеткізе білу болашаққа деген көзқарасты танытудың басты жолы. Президентіміз: «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» дейді Елбасы өз мақаласында.
Қазақстан тарихындағы мәселесі көп кезеңнің бірі, ол ХХ ғасырдың ортасы, нақтырақ айтар болсақ, 1930, 1940, 1950-ші жылдар болып отыр. Осы кезден тарих оқулықтарына енбей қалған немесе бұрмаланып жалған ақпаратпен енген қаншама деректер бар. Бұл ретте Елбасы мақалада: «Сансыз көп адамның тағдыры сұраусыз кеткен оқиғаларға толы бұл кезеңнің шындығын бүгінгі таңдағы отандық тарихшыларымызға қарастырып, жарыққа шығаруға мүмкіндік берілуде. Сондықтан ежелгі дəуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық жəне шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет», деп үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Осы бағдарламадан кейін Ташкент архивтері мен Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Мәскеу архивтеріндегі сақтаулы жатқан құжаттарға деректанулық тұрғыда талдау жасауға, жинақтап, өңдеп, қалың бұқара халыққа оқылымға ұсынуға мүмкіндіктер ашылатын болса «Рухани жаңғырудың» ең үлкен серпілісі осы болар еді.
Дәуір талабына орай туындаған өркениет талаптарына жауап беру тұрғысында жазылған мақала ілгері басуымызға, ұлт ретінде өткенімізді ойға оралтып, игі жетістіктерге жетуімізге жол ашары анық.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Әлемдік әдемі әңгіме
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа дүниесін оқып отырып, әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне, әрбір ой-пікіріне, қағидаттары мен тұжырымдарына рахаттанып, әлемдік әдемі әңгіме ретінде қабылдадым.
Шынында да Президент күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша елдер барынша назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салып отыр. Сонымен қатар нақтылы ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы Ұлы дала елінің, қазақ ұлтының, Қазақстан Республикасының орны мен рөлін жан-жақты айқындап берген. Бұған қоса бүкіл байтағымыздағы рухани жаңғыру барысында, алдағы уақытта нелерді және қалай жүйелемек керектігінің тағылымды тұжырымдамасын жасаған.
Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты ұлы ұлағат. Текті туынды.
Түркістан облысының құрылуы, оның болашағы, әл-Фараби мен Ахмет Ясауи бабаларымыз, батырлар жыры, өңірімізде жиі кездесетін қызғалдақ пен сиверс алмасына дейін айрықша айтылуы біздің қаламгерлерге де қанат бітіреді.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Түркістан облысы
Жаңғырған елдің жарқын бағдары
Елбасының ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшеміне, тарихи сананы жаңғырту жайына ерекше тоқталуы қоғамымыздың жаңа белесін, жауапты дәуірге қадам басқанын аңғартады. Біз алдымен қазіргі күрделі замандағы әлем мен елдің жасампаздық күрес қағидасының арғы бастауынан, қилы жолынан сабақ алып, озығы мен өнегесін бойға сіңіруіміз керек.
Мемлекет басшысы бұрынғы еңбектерінде тұтас қоғамның және Қазақстанның әр азаматының санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен болатын. Мәселен, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сынды жаңашыл ұғымдардың, өмір сүру қағидаттарының мәніне тоқталған-ды. Әсіресе, бұл жайттар «Қазақстан-2050: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тұжырымдамалық еңбегінде жан-жақты көрсетілген-ді. Оның ішінде халықтың ұлттық сана-сезімі мен қалыптасқан кодын сақтай отырып жаңғыруы, жаһандану мен неолиберализм үрдістері, өркениеттер тайталасы шарықтаған заманда халықтың халық болып қалу мәселесі, мемлекет іргесінің беріктігі мен қауіпсіздігі кешенді байыпталған болатын.
Елбасы бұл мәселелерге неғұрлым жүйелі және дәйекті барудың қажеттігін терең түсініп, ел руханиятын жұмылдырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынып, оны нәтижелі орындатуға мұрындық болғанын да мақтанышпен айтамыз. Осы бағытта Отанымызда ерен жұмыс атқарылды.
Мемлекет басшысының жаңа мақаласы – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сүбелі ойлар қатарында ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт, атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны ұғымының мәні, сонымен қатар тарихи сананы серпілту мақсатындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді ұлттық жобалар мен идеялардың қоғам талқысына салынуының және атқарушы билікке тапсырылуының жөні де, жүйесі де айрықша. Бұл – әлем таныған елдің арғы тарихы әлеуетін аңғарту. Бұл – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өрісті өресі.
Қалай дегенде де Ұлы даланың жеті қырын айқындау жаңа өзгерістер белесіне бастары анық. Бұл бағытта арнайы бағдарлама, әдістеме, өзіндік стандарты әзірленетіні хақ. Осы істе ұлттық университеттер, жалпы жоғары мектеп пен ғылым саласы аянып қалмайды деп сеніммен айта аламын.
Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Қазақстанның арғы және бергі өркениет негізін, бүгінгі айрықша құбылысын салиқалы салмақтаған Елбасының бұл мақаласы білім жүйесінің сұранымына, отаншылдық сипаттың одан әрі артуына әсер береді деп есептейміз. Еуроцентристік көзқарас, жаһандану толқындары, әртүрлі діни және идеологиялық экспансиялардың шарықтаған уақытында халықтың төлтума мәдениетін сақтап қалу және оны заманауи жетістіктермен мықтап шендестіру – бүгінгі уақыт талабы. Осыған байланысты мемлекет және қоғам тарапынан ұлт мәдениетін өркендету, төл құндылықтарды нығайту бағытында жұмыстарды жандандыруға мол септігі тиері сөзсіз. Тұжырымдамалық еңбек ғаламдық уақыттың жеделдеуі мен технологиялық жетістіктердің адам айтса сенгісіз жылдамдықпен дамуы кезінде қоғамның ойына ой қосып, жас толқынның үміті мен сенімін арттыратыны шүбәсіз.
Ұлы дала құндылықтары ұлтымызбен жасай беретіні елдік деңгейде айтылғаны – қайсыбір жадағай жаһандану амалдарына нақты жауап.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі
Қазақстан – Ұлы даланың қарашаңырағы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы көпшілік арасында қызу қолдау тапты. Өйткені былтырғы мақаланың, ондағы көрсетілген басымдықтар мен қарастырылған жобалар аясында түрлі тарихи, мәдени оқиғалар орын алды, нәтижесінде жеткен жетістіктер де аз болмады.
Биылғы мақалада Елбасымыз өткенімізді екшеп, таразылап, болашағымызға бағытталған қадамды ерекше сеніммен басуға мүмкіндігіміз де, құқымыз да бар екенін атап айтып отыр. Мақалада жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап ететін талай мәселе көтерілді. Бұларды жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстардың да бір тобы бекітіліп берілді. Солардың арасындағы қолға алынғалы отырған ірі жобалар халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының алтын көпірі болары сөзсіз.
Ең бастысы, қазақ деген елдің барын білмейтін, білсе де әдейі көзге ілгісі келмейтін базбіреулер үшін еліміздің кім екенін тайға таңба басқандай етіп таныстырып берді.
Ұлы даланың Елбасы атап көрсеткен жеті қыры – бүкіл әлем мәдениетіне әсер етті, әлемдік өркениетке негіз болды. Ал Қазақстан сол Ұлы даланың қарашаңырағы! Демек, қарашаңырақ атымызға сай, тарихи санамызды жаңғыртып, ұлы даланың тарихын ұлықтайтын ұл мен қыз тәрбиелеуіміз керек. Ұлы дала оғландарының, яғни өз ата-бабасының төл тарихын білген ұрпақтың оны мақтан етері сөзсіз. Ол – жас ұрпақтың рухын көтереді, патриоттық сезімін өсіреді, болашағына сенімді етеді.
«Ұлы даланың жеті қыры» – ол түгел түркінің жеті қасиеті, жеті ерекшелігі. Ол табан астында пайда болған идея емес, Елбасының ұшқыр ойының елегінен өткен, тәжірибесімен қалыптасқан үлкен саяси ұстанымының кезекті бір бөлігі. Өйткені бажайлап қарап отырсақ, бұл мақаланың осыдан бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының тереңдетілген жалғасы екенін байқаймыз. Алдымызға қойған мақсаттарымызды кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырып келе жатқанымызға көз жеткізе түсеміз. Ал жүйелілік – заңғар биіктерге алып шығатын қарышты қадамдардың негізі.
Мәселен «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін қолға алынбақ. Тарихшылар мен деректанушылар, мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара ықпалдастықта жұмыс атқаратын болса, шындығында да біраз шаруаның басын қайыруға болады. Және «архив деректерін жай ғана жинақтап қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлы форматқа көшіру қажет» деген жолдар жүрегімізге жылы тиіп жатқаны рас. Шындығында бұл тіпті де кейінге қалдыруға болмайтын шаруа, өйткені бүгінгі бар білімді интернет әлемінен іздейтін ұрпақ үшін ата-бабасының жүріп өткен жолы мен тарихын тануы – ел болашағы үшін аса маңызды. Бұл мәселе де былтырғы «Цифрлы Қазақстан» жобасында қолға алынған, қарастырылған мәселелердің жүйелі жалғасы.
Мақалада бұдан басқа да түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, еліміздің өркениет тарихының үздіксіз дамуын телевизиялық сериалдар мен көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу сынды тарихи, әрі маңызды міндеттері бар бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Ендігі мақсат – осы алға қойылған міндеттерді халыққа пайдалы болатындай етіп жүзеге асыруға атсалысу. Бұл мақала тарихшы, мәдениеттанушы ғалымдар, жалпы көкірегінде оты бар зиялы қауым үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Демек, Жолдауда «Жастар жылы» деп танылған жаңа жылды жаңаша мазмұнмен бастауымыз керек. Сондай-ақ Президент атап өткендей, Жастар жылында «классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор» деп білеміз.
Жасыратыны жоқ, кей жағдайларда жасанды ұраншылдыққа бой алдырып, жиыннан-жиын өткізіп, басты бағыттан ауытқып та жататын кездер болып тұрады. Қоғам болғасын да, мұның өзі де заңдылық сияқты көрінеді. Қайткенде де, науқаншылдықтан ада болсақ, осы жолда әрбіріміз аянбай еңбек ете алсақ деген тілек бар.
Әлібек АСҚАРОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты