Ұлттық бюро жаңа жыл қарсаңында мемқызметкерлерге сыйлық бермеуге шақырады

0

2018 жылғы 22 желтоқсан 17:40 91

Ұлттық бюро жаңа жыл қарсаңында мемқызметкерлерге сыйлық бермеуге шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа жыл мерекесі алдында мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық ұсынбау жөнінде арнайы хабарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге көрсеткен қызметтері үшін әдеттегідей алғыс білдіріп, сый-сияпат жасаудан бас тартуға шақырамыз. Егер берілген сыйлық құны 2 АЕК-ден (4810 теңге) артық болса, онда сыйлық беруші азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қызметкер мемлекеттік қызметті атқарғаны және өз міндетін орындағаны үшін заң бойынша мемлекеттік тұрғыда ай сайын жалақы алады», — деп жазылған агенттіктің Фейсбуктегі парақшасында.

Хабарламада мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беру не қызмет көрсету (егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса,676-бап) — 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны айтылған.

«СҚО-да 2 тұлға ӘҚК-нің 676-бабын бұзғаны үшін 3 іс бойынша жауапкершілікке тартылды. Бірінші азамат Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының үкімімен СҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманына құны 600 теңге тұратын «Rafaello» кәмпитін заңсыз бергені үшін жауапкершілікке тартылып, нәтижесінде мемлекет қазынасына 200 АЕК көлемінде (481 000) айыппұл төледі. Екінші азамат, СҚО Статистика департаментінің екі қызметкеріне желтоқсан мерекесі кезінде әр қайсысының бағасы 3 мың теңгеден аспайтын «Молочная леди» және «Темный Ларри» торттарын сыйлап, нәтижесінде айыпты деп танылып, сыйлық бергені үшін 481 000 теңге айыппұл төледі», — делінген хабарламада.

Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтардан жоғарыда көрсетілгендей заңсыз сыйлық беру оқиғасына куә болған жағдайда аптасына жеті күн, тәулік бойы жұмыс жасайтын агенттіктің 1424 нөмірлі Call орталығына хабарласуды сұрайды.

Одан бөлек, агенттікке арнайы хат жолдауға немесе агенттік төрағасының блогы мен жеке поштасына хат жіберуге болатынын ескертеді. 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz