Ұлттық банктің төрағасы отставкаға кетті
Данияр Ақышев Ұлттық Банк төрағалығына 2015 жылдың қарашасында тағайындалған болатын
АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев отставкаға кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Мемлекет басшысы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың отставкасын қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен Ұлттық банктің төрағасының кандидатурасын келісуге келдім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл қызметке Ерболат Досаевтың кандидатурасын ұсынды», — деді сенаттың отырысында президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешев.
Данияр Ақышев еңбек жолын Орталық Азия қор биржасында маман ретінде бастады.
1996 – 2003 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымдар атқарды, 2003 – 2007 жылдар аралығында аталған департаментті басқарды.
2007 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2014 жылғы тамыз – 2015 жылғы тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі лауазымын, 2015 жылғы тамыз – 2015 жылғы қараша аралығында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісінің міндеттерін уақытша атқарушы болды.
2015 жылдың 2 қараша Данияр Ақышев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы болып тағайындалды.
sputniknews.kz