Украина ұшақ апатынан қаза болғандарды аза тұтып жатыр.
Украина халқы Иранда ұшақ апатында қаза болғандарды аза тұтып жатыр. Бұған дейін президент Владимир Зеленский 9 қаңтарды қаралы күн деп жариялаған еді.
8 қаңтарда таңертең «Украинаның халықаралық әуе желісі» әуе компаниясына тиесілі Boeing жолаушылар ұшағы Тегеран әуежайы маңында құлап, борттағы 176 адамның барлығы қаза болған. Апаттан қаза болғандардың басым бөлігі — Иран және Канада азаматтары. Арасында Швеция, Ауғанстан, Германия, Ұлыбритания азаматтары да бар. Апаттан Украинаның 11 азаматы — екі жолаушы, тоғыз экипаж мүшесі мерт болған.
Апаттан кейін Киев Иран төбесінен ұшуды тоқтатты. Украина президентінің тапсырмасымен ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Иран билігі қозғалтқыш өртенгендіктен және ұшқыш әуе кемесін дұрыс басқара алмағандықтан ұшақ құлады деп мәлімдеді. Алайда Украинаның әуе компаниясының өкілдері бұл болжамды жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ұшақта ақау болмаған, ал экипаж мүшелерінің барлығының біліктілігі өте жоғары болған.
Украинаның Ирандағы елшілігі бастапқыда қозғалтқыш істен шыққандықтан апат болды, теракт туралы болжам қарастырылмайды деп хабарлаған. Кейінірек бұл хабарлама өшіріліп, барлық болжам қарастырылады деді.
Америка, Еуропа және Канаданың барлау қызметінің құпия дереккөзіне сәйкес, ұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болған. Қозғалтқыш қатты қызып кеткен. Reuters агенттігінің жазуынша, ұшақты зымыран құлатпаған. Апат болардың алдында бірнеше сағат бұрын Тегеран АҚШ-тың Ирактағы бірқатар әскери базаларына зымыранмен соққы жасаған еді. Boeing компаниясы түсініктеме беруден бас тартты.
Оқи отырыңыз: «Ешкім аман қалмады». Иранда украиналық жолаушы ұшағы құлады
Бұған дейін Иранның азаматтық авиация ұйымының басшысы Әли Абедзаде Тегеран борттық тіркегішті Boeing компаниясына бермейді деп мәлімдеген. Иранның қара жәшікті қай елге тапсыратыны белгісіз.