Қазақстан шетелде 30-дан астам жемқорды іздеп жатыр

0
16

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазақстанның Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тобына кіруі қылмыскерлерді тезірек ұстап, қаражатты қайтаруға мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ел ішінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған 33 азаматты шетелде іздеп жатыр. Бұл туралы баспасөз конференциясында агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған 65 қылмыскерді іздеуде. Олардың 33-і шетелде. Бұл жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр», – деді Бектенов.

Оның айтуынша, Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тобының (ЕКСЖТ) құрамына кіруі шетелде іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару сапасын жақсартады.

Қазақстан Еуропа Кеңесінің ЕКСЖТ-на қосылды

Қазақстан тиісті заңды ратификациялай отырып, 2019 жылдың 30 желтоқсанында ресми түрде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының елуінші мүшесі болды.

Тағы оқыңыз: Мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан жемқор басшылар кімдер?

ЕКСЖТ құрамына кіретін елдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың еуропалық стандарттарға сәйкестігін үнемі қадағалап отырады. Бұл елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Еуропа Кеңесі аудитінің бір түрі.

Мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар жасалады, оларды орындауға мемлекеттерге 18 ай беріледі.

Қазақстандық сарапшылар да басқа қатысушы елдерді бақылау үшін бағалау топтарына қосылады. Олар қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың элементтерін топқа кіретін басқа елдерде таратады, деп атап өтті Бектенов.



sputniknews.kz