Үкімет Тоқаевтың сөзінен кейін ақшаны үнемдеудің жолын тапты
Президент қымбат көліктер сатып алуға және түрлі форумдар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясы мен Астана экономикалық форумын бірге өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша ел билігі форумға бөлінетін ақшаны үнемдеп қалмақ. Бұл туралы бүгін бірінші вице-премьер, қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біз биыл ДСҰ министрлік форумын өткіземіз. Бұл халықаралық форум, оған министрлер деңгейінде 200-ге тарта ел қатысады. Біз осы шара аясында Астана экономикалық форумын да өткізуге бел байладық. Осылайша, қаражатты үнемдейміз», — деді Смайылов мәжіліс кулуарында.
Астана экономикалық форумы — жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы. Форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады.
Форумдар мен конференцияларға мораторий жарияланды
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қымбат көліктер сатып алуға және түрлі форумдар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынған болатын.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қымбат көліктерге мораторий жариялауды ұсынды
Президент шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс екенін атап өтті. Ысырапшылдыққа жол бермеу керек екенін айтты.
sputniknews.kz