Оқапов неліктен директорымен келісімшартты үзгені белгілі болды

0

Ерлан Әлімовпен бірге құрылған жұмыс жоспарын аяқтаған әнші жақын күндері жаңа директормен келісімге отырады

АЛМАТЫ, 5 ақпан – Sputnik, Айгерім Таубай. Әнші Әли Оқапов 8 жыл директоры болған Ерлан Әлімовпен келісімшартты үзгенін хабарлады. Sputnik Қазақстан тілшісі Әлиге хабарласып, алдағы уақытта кіммен бірге жұмыс істейтіні жайлы сұрады.

«Ерлан Әлімовпен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Ол менің Instagram желісіндегі жазбамнан да көрінуі тиіс. 8 жыл бойы бір-бірімізге көмектесіп, бірге өстік. Әрі қарай да көмек қолын созуға дайынбыз. Алайда келісімнің басы мен аяғы болады. Бұл екіжақты келісімнен туған ортақ шешім», — деді әнші.

Әлидің айтуынша, директор ауыстыруды бір ай бұрын жоспарлап қойған. Ерлан Әлімовпен бірге құрылған жұмыс жоспарын аяқтаған әнші жақын күндері жаңа директормен келісімге отырады.

«2-3 күнде жаңа директорымның кім екенін хабарлаймын. Дәл қазір келісімшарт жасау жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан есімін атай алмаймын», — деді әнші.

Тұрақтылықты жаны сүйетін әншіден директордың бойында қандай қасиетті бағалайтынын да сұрадық. Әнші үшін жауапкершілік бірінші орында.

Оқи отырыңыз: Енді Instagram-да лотерея өткізетін әнші-әртістер жауапқа тартылады

«Бірге жұмыс істейтін адамның бойында ең алдымен жауапкершілік пен мәдениеттілік болғанын қалаймын. Осы салада тәжірибесі болуы да маңызды. Адами құндылықтарды жоғары қоямын», — деді Әли.

Әлімов кімнің жұлдызын жағады?

15 жылдан бері шоу-бизнесте жүрген Ерлан Әлімовтің пікірін білу үшін хабарласқанымызда, ол да бұл шешімнің ақылдасып қабылданғанын айтты.

«Кейде менің уақытым жетпей жатады. Продюсер әншіні көтеруге бар уақытын арнауы керек. Уақыт жетпей, көп көңіл бөле алмауым Әлиге ұнамады. Жігіт болған соң бұл жайлы ашық айттық. Әли өнердің ортасында өскен  талантты жігіт. Алдағы уақытта да оған продюсер емес, жұмыстарын реттеп, көмектесіп жүретін бір адам болса жетеді. Себебі ол ән жазу, бейнебаян түсіру секілді жұмыстарды жақсы меңгерген», — деді Әлімов.

Келешекте продюсер танымал әншілердің ешқайсысымен жұмыс істемейтінін айтты. Бірнеше аптадан соң жас дарындарды сахнаға шығарумен айналыспақ.

«Дәл қазір мен секілді продюсерлер керек. Жақында жаңа дарындарды іздеу мақсатында кастинг жариялаймын. Солардың өсуіне үлес қоссам деймін. Себебі елімізде дарынды жастар көп. Оларды тек ғаламтор арқылы ғана емес, радио, телеарнаға шығару ойымда бар», — деді продюсер.



sputniknews.kz