«Үкімет Ресейден қоқып, латын әліпбиінің дұрыс нұсқасын ұсына алмай отыр»

0

Қазақстан үкіметі 28 қаңтарда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысын өткізіп, латын алфавитінің жаңа нұсқасын ұсынды.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа әліпби 40-тан аса нұсқаның ішінен таңдалған. Бұл нұсқада 31 әріп бар.

«Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді» деп мәлімдеді премьер-министр сайты.

Үкімет жаңа әліпбиге көшуді 2023 жылдан 2031 жылға дейін жүргізуді жоспарлап отыр.

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек» деді премьер-министр Асқар Мамин.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді тапсырған. Бұл – латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиінің билік ұсынған төртінші нұсқасы.

Назарбаев тапсырмасынан соң латын графикасындағы әліпбидің екі нұсқасы таныстырылып, екеуі де сынға ұшыраған еді.

Назарбаев 2018 жылы 19 ақпанда қаулы қабылдап, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын бекіткен. Бұл нұсқаға да қоғамда наразылық болған.

Батыс басылымдары Қазақстанның латын әліпбиіне көшу бастамасын «Ресейден іргесін аулақ салу» деп бағалаған.