Үкімет басшысы әкімдерге: Монополистердің жетегінде кеттіңіздер
2018 жылғы 25 желтоқсан 11:20 220
АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев коммуналдық тарифтерді төмендетпей отырған облыс басшыларын сынға алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысында келесі жылдан бастап барлық коммуналдық тарифтерді төмендету мәселесі қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазірдің өзінде бірқатар облыстарда тарифтер төмендеп отыр. Ал келесі жылдан бастап барлық аймақтарда коммуналдық қызметтер арзандайды. Алайда Атырау мен Қызылорда облыстарында газдың бағасы төмендемейді. Себебі Атырауда газдың тарифтері онсыз да төмен, ал Қызылордада барлық инвестициялық бағдарламалар орындалды. Сол себепті тарифтерді төмендетуге резерв жоқ. Алайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ондай уәжбен келіспеді. «Сіздер ол жақта онсыз да тариф төмен дейсіздер. Мәселе онда емес. Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді. Енді, xалық осы тапсырманың орындалғанын күтпей ме? ПИК тарифтері бар, басқа да коммуналдық қызметтер бар. Әкімдіктер нақты шешім шығармаса, Президенттің тапсырмасын орындамады деуге болады. Бұны қалай түсінуге болады? Бір сөзбен айтқанда монополистердің жетегінде кеттіңіздер», — деді Б. Сағынтаев.
Үкімет басшысы жылдың аяғына дейін тиісті шешімдерді шығаруды тапсырды. Ал әкімдер атқарылған жұмыстар бойынша есеп беретін болады. «29 желтоқсанда Үкіметтің тағы бір отырысын өткіземіз. Сол отырыста бүгін көрсетілген таблицаларда кімде шешім жоқ, сол әкімдер баяндама жасасын», — деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.
Айта кетейік, жақында ҚР Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтердің төмендеуіне қатысты нақты есепті жариялады. Осы орайда вице-министр С.Жұманғарин екі бөлмелі пәтер үшін коммуналдық тарифтердің қалайша өзгеретінін мысалмен көрсетті. Бұдан бөлек, министрлік екі облыста газдың арзандамауына қатысты түсініктеме берді.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz