Ұйғыр ауданындағы спорт кешеннің не себепті құлағаны белгілі болды

0

Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында құлаған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін мамандар тексерді. ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) мамандары  жіберілді.

Бұл туралы ақпаратты журналист Ерлік Кебекбай жазды.

Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің үшінші блогының (спортзалының) жұмсақ жабынын орнату жұмыстары кезінде металл конструкцияларының құлауы 21 қыркүйек күні сағат 11.00-де болды. Құлаған блоктың ауданы 1058,4 шаршы метрді құрады. Ғимараттың бірінші және екінші блоктарына әсер еткен жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ

Тексеріс нәтижелері бойынша апат «9» және «10» осьтері бойынша фермаларда басталғаны анықталды. Апат белгіленген жобаға сәйкес келмейтін жүктемелерінен туындаған.

Тік жүктемелер кезінде фермалардың монтаждық түйіндері тарала бастады, бұл бір бұрандаманың бұзылуына және көлденең жүктемелердің фермалардан бағандарға берілуіне және 3-блок конструкцияларының біртіндеп құлауына әкелді. Осылайша, 3-блоктағы апаттың себептерінің бірі бекітілген жобалау шешімдерінен ауытқу деп санауға болады.

Комитет Алматы облысының әкімдігіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының бұзылуына жол берген тұлғаларды (мердігер, техникалық және авторлық қадағалау) жауапкершілікке тарту туралы тиісті хат жолдады.

Сонымен қатар, жобалау құжаттамасында бағандармен қосылу түйіндері келтірілмеген және фермалардың тірек тағандарының құрылымы сипатталмаған, 2-блокқа жанасатын жерде 3-блок жабынының деңгейінде деформациялық жіктерді орнату бойынша шешімдер келтірілмеген. Осыған байланысты жобалық қателер жоққа шығарылмайды.

Апаттың себептері туралы түпкілікті тұжырымдар блоктың тірек конструкцияларының элементтерінен іріктеп алынған үлгілерді есептеу және зертханалық сынау нәтижелері негізінде жасалады.