Үйде газ жарылысын болдырмаудың 7 амалы

0

Назарларыңызға Көкшетау төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының газ жабдықтарын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігін қалай сақтау керек екені жөніндегі кеңесін ұсынамыз.

Газ баллоны пәтерде
Фото: Cg.oblast.online

Тұрғын үйде газ немесе газды қоспаның жарылуын және соның салдарынан өрттің шығуын болдырмау үшін мына ережелерді есте ұстау керек:

  1. Газ қондырғыларын жергілікті газ шаруашылығы мекемесінің рұқсатынсыз орнатуға және жөндеуге тырыспаңыз.

2. Барлық тұрмыстық газ жабдығы, сымдар мен басқа да құралдарды газ қызметінің есебіне тіркетіп, мамандардың нұсқауымен ғана қолданыңыз. Бұл қандай да бір төтенше жағдай болған кезде тиісті коммуналдық қызмет жауапкершілікті мойнына алуы үшін қажет.

3. Газ жабдықтарын, әсіресе, баллондарды арнайы нұсқаулардан кейін пайдалану қажет және оларды пайдалануда нұсқау талабын қатаң сақтаңыз.

4. Газ жабдығынан газ шығып тұрған-тұрмағанын тексеру үшін немесе газесептегіш көрсеткішін қарау үшін сіріңке немесе шамды пайдалануға тыйым салынады.

5. Тұрғын үйге орталықтандырылған жүйеден газ беру кенет тоқтаған жағдайда жұмыс істейтін барлық газ құрылғысын дереу өшіріңіз.

6. Газ плитасындағы жалынды нұсқау бойынша өшіріңіз. Газ жабдығындағы жалынды немесе қыздырғышты үрлеп сөндіру салдарынан от шығуы мүмкін.

7. Табиғи газ бөлме ауасымен араласып, жарылғыш газ концентрациясын туғызады. Бұл газ қоспасы сіріңке, оттық немесе шылымнан ғана емес, сонымен қатар қатты бөлшектердің үйкелісінен пайда болған ұшқыннан да жарылып кетеді. Демек, газ жабдығы орнатылатын үй-жай мұқият желдетілуі керек.

Төтенше жағдайлар қызметі газ баллоны
Төтенше жағдайлар қызметкерлері газ баллонын дұрыс пайдалануды түсіндіріп жатыр. Фото: ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі

Тұрғын үйде газ жарылысы бола қалған жағдайда өрт сөндіру және жедел авариялық-құтқару қызметінің “101” және құтқару қызметінің “112” нөміріне хабарласыңыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz