ҰБТ-2024: 4 күннің қорытындысы бойынша 7 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтті

0

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу басталды. Биылғы ҰБТ қалай өткізіліп жатыр, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде қалай ұйымдастырылды? Осы мәселелер Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, негізгі ҰБТ 43 өңірлік тестілеу орталығында 47 күн ішінде жүргізіледі. Тестілеудің бір легінде 5,2 мың компьютер пайдаланылады. 16 мамырдан бастап 14 өңірде ҰБТ өткізу басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады.

ТЖ жарияланған 6 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 25 мамырдан бастап 12 шілдеге дейін өткізіледі, осы өңірлер үшін өтініштерді қабылдау 20 мамырға дейін ұзартылды. 4 күннің қорытындысы бойынша 29 пунктте 7 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтті. 2024 жылы мектеп түлектерінің саны 188 245 адамды құрайды.

Берілген өтініштердің саны – 2 рет тапсыру мүмкіндігін ескере отырып, 330 116 адамнан, оның ішінде 293 186-сы – биыл мектеп бітіретін түлектерден, оның 59 799-ы су тасқынынан зардап шеккен 6 өңір түлектерінен.

Тестілеуден өтушілер онлайн режимде app.testcenter.kz Ұлттық тестілеу орталығының сайтында өтініш береді. Олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өз бетінше таңдай алады.

ҰБТ өткізу және академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылау үшін тиісті бұйрық бекітілді. Су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірдің мектеп түлектерін қолдау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен 20% (немесе 12 528 грант) мөлшерінде квота түрінде гранттар бөлу жөнінде шаралар қабылдануда, бұл оларды толық қамтуды қамтамасыз етеді және даярлықтың барлық бағыттары бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.

Еліміздің білім беру орталықтарымен бірлесіп мектеп түлектеріне арналған тегін онлайн-сабақтар ұйымдастырылды. ҰБТ-ға дайындық кезеңінде ҰБТ-дағы барлық пән бойынша 200-ден астам сабақ өткізілді.

фото: primeminister.kz