«Балалардың тілі орысша және ағылшынша шығып жатыр»: Депутат дабыл қақты

0

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков өзінің депутаттық сауалында отандық анимация саласын дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Kznews.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап. 

«Бүгінде қазақы ауылда туып, танымы қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің тілі орыс немесе ағылшын тілінде шығуда. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішіндегі ең негізгісі YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор. АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимация саласына стратегиялық маңыз беріп, миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы құяды.  Шығыс Азия елдері – Корея, Жапония мен Қытай анимациясы ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналды», — деді депутат.

Оның дерегінше, Ресей балаларға арналған анимациялы фильмдерді идеология құралы ретінде пайдаланып отыр. Данабек Исабеков 2020 жылы Мәскеу билігі мультимедиа саласын субсидиялауға 300 миллион рубль бөлгенін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

«Соның әсерінен болар Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат анимациялық өнім ұсынса, Қытай 3 мың сағат эфир дайындайды.  Ресми Пекин анимация саласына ерекше екпін беріп, өздері өндірген анимациясының уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, әлемде бірінші орынға шықты. Біздің балалар жат ел идеологиясының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда», — деп атап өтті ол.

Мәжіліс депутаты еліміз отандық анимация саласында мақтана алмайды деген пікірде.

«Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауылдағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығуда. Өйткені отандық анимацияда тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар мұндай туындыны қабылдай алмайды әрі қызықпайды», — деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков.

Фото: parlam.kz