Уақытты босқа жібермеу қажет | «Айқын» газеті

0

Дзюдо біздің елдегі жанкүйерлерге сүйкімі мол санаулы спорттың бірі. Бәсекелестік те өте жоғары деңгейде. Жалпы, бұл спортта мықты екеніңді ұзақ уақыт бойы дәлелдеп тұру оңайға соқпайды. Шебер деген дзюдошының өзі кез келген белдесуде жеңіліп қалуы мүмкін. Спорттың ережесі, ұпай еншілеу талаптары, қолданатын әдіс-тәсіл соған мүмкіндік береді. Сондықтан бұл спортты серік еткен спортшы өзін үнемі бабында ұстауға тырысады. Соңғы уақытта елімізде талапты, берік, мығым, тактик дзюдошылар шоғыры өсіп келеді. Соның арасынан Дидар Хамзаны бөле-жара айта аламыз. Биылдыққа бірнеше жетістікке қол жеткізген Түркістан өлкесінің тумасымен жыл түгесер тұста тілдесіп көрген едік. 

– Дидар, биыл біраз халықаралық жарыстарға қатыстың. 2018 жыл сен үшін сәтті өткен сияқты. Өзіңнің көңілің тола ма?
– Бұл жыл мен үшін сәтті өтті. Жыл басында жеңілістерге тап болсам да, уақыт өте келе қателіктерімді түзеп, нәтижемді жоғарылата алдым. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сол шығар.
– Екі бірдей мәртебелі турнирдің алтын медалін еншіледің. Қайсысы саған қиынырақ тиді? Жалпы бірінші орыннан көріну – күтпеген нәтиже ме, әлде күні бұрын көзде­ген меже ме еді?
– Азия ойындары мен үшін де, ел үшін де өте маңызды жарыс болды. Олимпиада мен Азия ойындары төрт жылда бір рет келетін дүбірлі дода болғандықтан аса тартыс­ты, маңызды жарыс болып сана­ла­ды. Бүкіл қазақ халқы спортшы­ла­ры­­мыздың жолына қарап, олардың тілеуін тілеп отырды. Ол тілеуді біз де сезініп отырдық. Азия ойындарының алтынын олжалау – күтпеген жағдай. Құрлықтық додоға ең бастысы жүлдеге ілінсем екен деген үмітпен барған болатынмын. Бағым жанып, барлық қарсыласымды жеңіп шықтым. Бұл нәтижеде ұлттық құрама бапкерлерінің үлкен еңбегі жатыр. Ол кісілердің үлесі өте зор.
– Азия ойындарында дзюдо мектебі өте мықты дамыған елдердің өкілдерін жеңдің. Белдесу алдында ішкі толқыныс басым бол­ды ма, әлде өзіңе сендің бе? Оларға қар­сы тактика қолдану жағын қалай ойластырдың?
– Алдымен Тайпей елінің өкілімен шығып, жеңіске жеттім. Одан соң Моңғо­лия мен Жапония балуандарынан басым түстім. Финалда ирандық дзюдошыны ұттым. Азия ойындарына жыл бойы дайын­далдық. Азия – кішкентай құрлық. Қарсыластардың да санын білетін болған­дықтан, кіммен белдесуіміз мүмкін екенін шамалап көрдік. Соған сай дайындық жасалады. Олардың видеоларын қарап, қай жарыста қандай тәсіл жасағанын, қандай әлсіз тұсы бар екенін аңғарып, көңілге түйіп алуға тырысамыз. Әр оқу-жаттығу жиынында жексенбі сайын видео қарауға арнайы уақыт бөлінеді. Сол кезде бапкерлермен бірге отырып көріп, ақылдасып, тактика мәселелерін пысық­таймыз. Бұрын-соңды дайындалудың мұндай тәсілі бізде болмаған еді. Сондықтан жаңа әдіс өз жемісін беріп жатыр. Қарсыластарды қарап, соған сай тиісті сараптама жасап, белдесудің жоспарын түзіп шығамыз. Бізден гөрі бапкерлеріміз көбірек бас қатырып, барлық әдіс-тәсілді қойып береді. Азия ойындарында дайындықтың осы түрі ерекше көмегін берді деп ойлаймын.
– Биылғы жылғы белдесулеріңе ой жүгіртіп отырып, мықты қарсылас ретінде кімді атай аласың?
– Әр қарсыластың өз қиындығы бо­лады. Бірі – оңқай, бірі – солақай, бірі – лақтыруды жөн көрсе, бірі қашып жүріп, ұпай жинауға тырысады. Мен үшін сәтсіз өткен белдесу – Израиль балуанына қарсы шыққан кездесу болды. Ол балуанмен Әбу-Дабиде өткен Grand Slam турнирінде кездесіп, ширек финалда жеңіліп қалып, үшінші орын алған едім. Биылдыққа екі рет ресейлік Хасан Халмурзаевпен күрес­тім. Ол – Олимпиада ойындарының чем­пио­ны және жүлдегері. Өте тәжірибелі спорт­шы. Әлем чемпионатында төрешілер кіш­кене қателікке бой алдырды. Жалпы екі бел­десуде де сол балуанды жеңе алма­дым. Күшім жетпеген тағы бір спортшы – неміс балуаны. Олармен белдесуде болған жеңіліс маған үлкен сабақ болды. Кеткен қателіктің орнын толтырып, өзімді жетілдіруге жұмыс істеп жатырмын. Талаптансақ, алынбайтын асу жоқ. Сон­дық­тан өз салмағымдағы мықты деген балуандардан әлі-ақ айламды асырамын деп ойлаймын.
– 2016 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін 73 келіден 81 келіге ауыстың. Қазіргі салмағыңа толыққанды үйреністің бе?
– Енді-енді ғана осы салмаққа бойым үйренді деп айтсам болады. Бастапқыда өте қиын тиді. Салмақ жеткен жоқ, салмақ төмен болған соң, күш жетпеді. Ауыр салмақ болғандықтан, белдесу, әдіс жасау қиынға соқты. Басқа жоғары салмаққа ауысқан соң масса жинау, күш жинау қажет. 73-ке қарағанда 81-дің күресі – физикалық күрес болады. Шапшаң қимыл­дау керек, кәдімгідей бәсеңсіп қаласың. Осы факторларды игеру, салмақ­қа өз әміріңді жүргізу көп уақытты алады.


– Әкеңіз – жеке жаттықтырушыңыз. Ол кісінің дайындау тәсілі қалай? Ағаңыз да дзюдошы. Спортшылар отбасынан шығудың ерекшелігі неде?
– Иә, өзіңіз айтқандай спортты серік еткен отбасымыз. Әңгімеміз де негізінен спорт төңірегінде өрбиді. Үйде ағамыз екеуміз ғанамыз. Анамыз – медицина саласының қызметкері. Біздің жолымызға қарап, тамағымызды дайындап күтіп отыра­ды. Үйде жүргенде күнделікті спорт­тық режимді ұстанамыз. Үйінде қадағалауы аз болған көп балалардың көшеге шығып кететінін білемін. Көбі түнгі 10-11-ден кейін режимді бұзып жатады. Әкеміз ешқайда жібермей, қадағалайды. Жаттығу уақытын да қалт жібермейді. Кейде спортшылар шаршап кетіп, бір күн демалыс жариялап жатады ғой. Әкем ондай босаңсуға жол бермейді. Ол кісі «қатаң тәртіп, берік режим ғана спорттағы үлкен нәтижеге алып келеді» деп үнемі айтып отырады. Біздің де әу бастан көзде­ген мақсатымыз – әлем мен Олим­пиа­да алтыны болғандықтан, уақытымызды қадірлеп, оны босқа құртқымыз келмейді. Сондықтан осы күнге дейін кішкене жетістікке жете алсам, оған әкемнің қосқан үлесі орасан зор.
– Дзюдо балуандары «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» секілді сыйақысы қомақты, беделі биік жарыстарға қатысып жатады ғой. Сізді ондай жарыстың бірде бірінен көрмедік. Себебі неде?
– Біріншіден, кішкентайымнан самбо, қазақша күрес деген спорттарды соншалықты серік еткен жоқпын. Тек қана дзюдомен айналыстым. Спортзалға алғаш келген сәттен бастап Олимпиада ойындарының жеңімпазы атансам деген арман болған. Сол мақсатыма жетіп жатсам, мүмкін қазақша күреске мойын бұратын шығармын. Байқап отырсаңыз, «Қазақстан барысында» күресіп жүрген балуандардың көпшілігінің жасы 30-дан асқан. Екіншіден, қазақша күресте жиі жарақат алып қалудың ықтималдылығы жоғары. Егер солай жарақат алып қалып, дзюдодағы жаттығуыңнан екі-үш ай алшақтап қалатын болсаң, онда қайтадан өзіңнің бабыңа келу көп уақытты талап етеді. Бұл аралықта қаншама мүмкіндігіңнен айырылып қаласың. Сондықтан ондай жарыстарға қатыспай, өз-өзімді сақтаймын. Бар арман-мұратым – дзюдодан Олимпиада ойындарының шыңын бағындыру.
– Бір жылдан соң – Токио Олимпиадасы. Лицензия алу үшін қандай турнирлерге қатысасыз?
– Осы жылдың мамыр айынан бастап Олимпиада ойындарына лицензия үлестіру турнирлері басталып кетті. Ұлттық құрама басшылығы Жапониядан тәжірибелі мамандар алдырып жатыр. Физикалық тұрғыдан көмектесетін, биохимик, психолог секілді кәсіби қабілеті жоғары мықты мамандардың көмегіне жүгінуде. Осындай жағдай жасап жатқан Дзюдо федерациясына, Ұлттық олимпиада комитетіне алғыс айтамын. Бұл еңбек оң нәтижесін береді деп ойлаймын. Жемісі қазірдің өзінде байқалуда. Бұрын-соңды ТОП-16-да осыншалықты көп балуанымыз күрескен емес. Қазіргі кезде әлемнің үздік 16 балуанының қатарында жеті бірдей қазақ спортшысы бар. Сол жеті балуан Қытайға барып күресеміз. Өзім олимпиадалық рейтингте 8-орында тұрмын. Жалпы, рейтингте 18 адам бар. Яғни, қақ ортасындамын деп айтуға болады. Қазіргі бар мақсатым – осы рейтингте жоғарылай түсу. Келесі жылы қандай жарыстарға қатысатынымызды бапкерлік штаб өздері бекітіп, шешеді. Келесі жылдың басты миссиясы – Жапонияда өтетін әлем чемпионатына абыроймен қатысу. Одан бөлек Гран-при, Grand Slam турнирлерінен де өтеміз. Ол жарыстардың да жүлдегері, жеңімазы атанып жатсақ ұпайымыз өсе түседі.
– Биыл Азамат Мұқанов, Максим Раков сияқты танымал дзюдошылар карьерасын аяқтады. Олардың өнеріне берер бағаң қандай? Сосын қазіргі сәттегі ұлттық құраманың ішкі атмосферасы туралы да естігіміз келеді.
– Ол екі ағамыздың қазақ спортына үлкен еңбегі сіңді. Бірі – дзюдо спорты бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болса, бірі – әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Азамат Мұқанов Олимпиада ойындарына қатыса алмады, ал Максим олимпиадаға қатысты, бірақ алғашқы белдесуден-ақ жолы бол­мады. Соған қарамастан бұл жігіттер – дзюдода өздерін әлемдік деңгейде дәлелдеген спортшылар. Алдағы уақытта ағаларымыз өздерінің жиған тәжірибеле­рін жас спортшыларға үйретіп, отандық дзюдоның дамуына әлі де болса үлесін қосады деп ойлаймын. Бұған дейін де оқу-жаттығуда бірге жүрген кезде ол кісілерден көп нәрсені үйрендік.
Ал ұлттық құрамаға келетін болсақ, өзара татумыз, бірлігіміз жоғары. Жыл санап жастар өсіп келе жатыр. Мәселен, Ерлан Серікжанов 66 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Одан бөлек те талантты спортшылар шоғыры өте мол. Олардың бәрі келешекте ұлттық құраманың белді мүшелеріне айналады деп сенемін. Қазіргі кезде Ұлттық құраманың тірегіне айналған Елдос Сметов, Жансай Смағұлов, Ислам Бозбаев сынды спортшыларымыз бар. Бапкерлер құрамы да көңілден шығады. Сол себепті, дәл қазіргі сәттегі дзюдо құрамасының кәсіби деңгейі жоғары.

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын