Жыл қорытындысы: Сыртқы саясаттағы елеулі оқиғалар

0

Жыл өткен сайын халықаралық саясаттағы алпауыттар арасындағы алпарыс күшейіп келеді. Биыл да бұл көрініс күшеймесе, әлсіреген жоқ. Ресей мен Батыс елдері текетіресі, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы сияқты геосаяси мәселелер 2018 жылы жаңа деңгейге көтерілді. Көп векторлы саясат ұстанатын Қазақстанға «державалар арасындағы дауда» өзіндік таңдау жасау талабы күшейді. Осы тұста біз ресми Астананың биыл сыртқы саясатта жасаған қадамдарына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Сыртқы саясаттағы 2018 жылдың басты оқиғасы сөзсіз Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары. 16-18 қаңтар күндері Назарбаев араға 12 жыл салып Уашингтонға ресми іссапармен барды. Ол онда АҚШ президенті Дональд Трамп пен вице-президент Майкл Пенс және Америка бизнес элитасымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында құны 7 миллиард долларды құрайтын 20-ға жуық құжатқа қол қойылды.

Маңыздылығы жағынан «Қазақстан-АҚШ стратегиялық әріптестік келісімінен» кем түспейтін келесі оқиға «Орталық Азия елдері басшыларының» саммиті. Наурыз айының 16-ы күні Астана қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары мен Түркіменстан мәжіліс төрағасының қатысуымен бірінші «аймақтық ақылдасу» саммиті өтті. Кездесу барысында тараптар аймақтық мәселелерді өзара ақылдасу арықыл шешуге және жыл сайын наурыз мерекесі қарсаңында кездесіп тұруға уағдаласты.

Тамыз айында Ақтау қаласы «Каспий жағалауы елдері басшыларының» кезекті саммитін қабылдады. Саммите Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей және Иран басшылары Каспий теңізін өзара бөлуге байланысты келісімге келді. 20 жылдық келіссөздердің нәтижесінде Каспий теңізіне ерекше құқықтық мәртебе беретін арнайы Конвенция қабылданды. Жаңа құжат бойынша, территориялық су аймағы, балық аулау аймағы және бейтарап аймақ белгіленді. Ең бастысы Каспий Ковенциясының қабылдануымен Қазақстан шекара бекіту процесін толықтай аяқтады. Бұдан былай Қазақстанның көрші мемлекеттермен ешқандай территориялық дауы жоқ.

2018 жыл ресми Астана мен Ташкент қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілген жылы болды. Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев «2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп жариялады. Өзара тауар айналымы, көлік және әуе тасымалы жаңа деңгейге көтерілді. Қос тарап сыртқы саясатта да келісім бойынша қимылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін мамыр айында АҚШ-қа ресми іссармен Шавкат Мирзиеев барды. Осыдан кейін көптеген сарапшылар «қазақ-өзбек тандемі аймақтық интеграцияның алғышарттарын жасауда» – деген болжамдар жасай бастады.

Мамыр айында парламент АҚШ-қа Ақтау және Құрық порттары арқылы Ауғанстанға жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін заң жобасын ратификациялады. Бұны Кремль маңында жүрген ресейлік БАҚ өкілдері сатқындыққа балап, «Қазақстан Ақтау және құрық порттарын АҚШ әскеріне жалға берді» – деген сарындағы ақпараттарды қарша боратты. Бірақ Қазақстанның Ресейдігі елшілігі Ресей журанлистері мен сарапшылары таратып жатқан ақпараттардың барлығы жалған екендігін айтып арнайы мәлімдеме жасады. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан сыртқы саясатта өзіндік бағыты мен көзқарасы бар екендігін байқатты.

Бұның барлығы әрине біз байқаған, қоғам қызу талқылаған, елдің есінде қалған оқиғалардың бір сыпырасы ғана. Бұдан бөлек  2018 жылы сыртқы саясатта көптеген дүниелер болды. Біз жоғарыда айтқан оқиғалардың барлығы сыртқы саясаттың жағымды тұстары. Бірақ 2018 жылы Қазақстанның сыртқы саясатта өз пайдасына шеше алмаған мәселелері де шаш етектен. Біз олардың барлығының атын атап, түсін түстемей ақ қояиық. Бірақ бір мәселені айтпасқа болмас. Ол – Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қазақтар мәселесі. Қытайдағы қазақ мәселесіне қатысты сыртқы істер министрлігіне, көші-қон басқармасына осы уақытқа дейін сан мәрте хат жазылды, арыз, талап-тілек жолданды. Бірақ сең орнынан қозғалмады. СІМ Қытайға бірнеше рет нота жібергенімен ресми Бейжің мардымды жауап қатпады. Ендігі үміт келесі жылда…

«The Qazaq Times»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз