«Тыйымы көп ортада өстім»: Ләйлә Сұлтанқызы анасымен арақатынасы туралы ашық айтты

0
1260

Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Instagram желісінде жан сырын ақтарып, анасымен ара қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Ана мен бала. Осы жасыма келіп бір нәрсені мойындағым келеді. Мамам екеуміз соңғы жылдары ғана сырласа бастадық. Мен проблемамды айтуға ұялмайтын болдым. Қолдағанын, көмектескенін қалайтынымды айта алам. Шүкір. Мен тыйымы көп ортада өстім. Қысқа киюге, шаш кесуге, тырнақ бояп, помада жағуға, ұл баладан сыйлық алуға, мектепте ерекшеленуге болмайды, ұят.

Үйде бәрін тік тұрғызып, сапқа қоятын қатал әже мен үйдің тірлігінен көз ашпайтын ана. Менің өтпелі кезеңде қалыптасып, өсіп келе жатқанда көрген картинам осы. Әйелдің еркін сөйлеп, пікірінің дұрыс екенін дәлелдеуге құқығы болмады. Оны бәрі келіннің инабаттылығы мен ибалығы деп қабылдады. Құрбыларымен қыдыруы туралы мүлдем айтпай-ақ қояйын.

Мамам кішкентайымнан барлық ұятты айтып өсірді. Жар таңдау тақырыбында ғана былай дейтін: Күйеуге тисең, отымен кіріп, күлімен шық, проблемаңды айтпа. Бәріне қызмет ет. Еті сенікі, сүйегі менікі. Дұрыс жүр, дұрыс күл, дұрыс киін. Қысқасы, не істесең де ұят болады. Осы болмайды мен ұят адамның іштей қарсылығын өсіре береді емес пе. Көп қиындық өтті ғой бастан, тізбектеп жазғым келмейді.

Бір айтпағым, қыз деген өрісің, оның жаны нәзік, қатты қысымға шыдай алатыны, шыдай алмайтыны бар. Қазір кибербуллинг деген бәле пайда болды. Ана қызын естісе, қызы анасынан қорықпай проблемасын айта алса, көп қиындықтың алдын алуға болады. Әрине, барлық нәрседе баланс болу керек», — деп жазды ол.