Тұрсынғали Еділов: «Біздің боксшылар әбден зорыққан, көздерінде от жоқ»
ЭК тілшісі әуесқой бокстан Олимпиада ойындарында ең жоғары нәтиже көрсеткен бапкеріміз Тұрсынғали Еділовтен Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктер жайлы пікірін білген еді.
Азия чемпионатына апармау керек еді…
Бұған дейін Дубайдағы Азия чемпионатына апармау керек еді деп айтқанмын. Өйткені бесеуі финалда жеңілді. Ол жігіттердің барлығы — жүлдеден үміткер боксшылар. Дәл Токионың қарсаңында мұндай жеңіліс психологиялық ауыр соққы болды. Ешқандай маңызы жоқ, лицензиялық емес құрлық біріншілігіне негізгі құрамда жібергеніміз, қалай десек те, дұрыс емес.
Боксшыларды зорықтырып жіберген
Боксшылардың әбден сілікпесі шыққан. Өйткені оларды жыл бойы оқу-жаттығу жиындарына апарып зорықтырған. Жыл басында құрама екіге бөлінді. Бір бөлігі АҚШ-қа, екінші жартысы Кубаға кетті. Одан кейін көктемде Кисловодскіге барды. Жарыс жоқ, тек шет мемлекеттерде оқу-жаттығу жиындары өте берген соң, балалар шаршаған. Көздерінде от қалмаған. Құлшынып тұрған ешкімді көрмедім. Арасында кейбіреулерін кәсіпқой бокстың рингіне де шығарды.
Орыстар «Лучше не добрать, чем перебрать» дейді ғой. Сондықтан күшті соңына дейін сарқып бітіргенше, бірдеңе қалдырған дұрыс еді.
Абылайханның көзінен от көрмедім
Осыған дейін шаршы алаңға шыққан боксшылардың барлығының жекпе-жегін қарадым. Абылайхан мен Василий бірінші рет қатысып отырған жоқ. Тәжірибесі бар. Жарайды, Теміржановта шеберлік жетіспеген болар. Ал қалғандарының себебі жоғарыда мен айтқандай жағдай.
Абылайхан — Абай бокс мектебінің түлегі. Әрине, жеңілген соң, небір сылтау, небір ақыл айтылады.Біреуі қорғаныс дұрыс емес, біреуі соққысы мардымсыз дегендей. Барлық пікір сай келетіндей көрініп тұрады. Бірақ ең бастысы боксшыда сезім жоқ. Біздің боксшылар әбден тойған, көздерінен от көрінбейді. Яғни рингті көргісі келмейді. Психологиялық қысым көп. Үнемі оқу-жаттығу жиындарын өткізе берген жарамайды. Жекелеген қателікпен боксшылар үйде жұмыс істеуі керек. Ал үйде қашан уақыт болады? Бір-екі күнге келеді, отбасыларын көріп, қайтадан кетеді.
Абылайханды жеңген кешегі қарсыласы Жүсіповтің бір жылда қатысқан жаттығуын төрт жылда көрмеген шығар? Оларда мемлекет ондай қаржы төлемейді, Спорт комитеті жоқ. АҚШ боксшылары өздері жеке бапкерімен дайындалады. Жарысқа сосын шығады. Боксышы Олимпиадаға келгенде асау аттар секілді жер тарпып тұруы керек.
Алтын бола ма?
Алтын туралы бірдеңе айту қиын. Бірақ жүлде болады деп ойлаймын. Қамшыбек Қоңқабаев пен Әбілхан Аманқұл қалды ғой. Осы екеуінен бірдеңе күтпесек… Қамшыбек финалға дейін өзбекпен кездеспейді. Кейде бақ болып жатады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген спортта да бар. Бағы жанса, алып қалар.
Ал 75 келідегі Әбілханның қарсыласы қиындау. Бірінші кезекте украиналық Александр Хижняк, филиппиндік Эумир Марсьяль, ресейлік Глеб Бакши бар. Бір құдай біледі. Бастысы, Аманқұлға психологиялық дайын болуы тиіс. Ұйқысы қанып, тамағын ішіп шығуы керек. Сосын бұйырғанын көреміз.
Олимпиададан кейінгі негізгі жұмыс неден басталуы тиіс?
8 тамызда Олимпиада аяқталады. Одан кейін елге келген соң бір қорытынды жасалуы керек. Барлық есептер тыңдалып, дұрыс шешім қабылдамаса болмайды. Көпшілігі өз ойларын ашық айтудан қорқады. Бокстағы мәселені шешкіміз келсе, барлығы айтылуы қажет. Алдымен анализ жасалсын.
Қазақ боксына реформа қажет пе?
Жаңа велосипед ойлап табу қажет емес. Бокста үш соққы шешеді. Боксшыда ақыл және жүйе болу керек. Ал бапкер стратег болса жеткілікті.
Осы ретте 1997 жыл есіме түсіп отыр. Сол жылдары бүкіл КСРО-дан шыққан былғары қолғап шеберлері Куба десе, тіксініп қалатын. Тіпті жарысқа барар кезде балалардың: «Мен әрі кетсе, ширек финалға жетемін. Одан әрі кубалық шығады алдан» деп, шаршы алаңға шықпай жатып жеңілетінін көрдім. Бапкерлер штабы осы психологиялық барьермен жұмыс істей білдік. Алдымен, елге Куба боксшыларын елге шақыруға көндірдік. Атқарылған жұмыс Сиднейде өз нәтижесін берді. Жасыл құрлықта біз кубалықтармен үш рет кездесіп, үшеуін де жеңіп кеттік. Мұның бәрі стратегия. Қазір қазақ боксшыларында осындай қорқу бар. Мықтылармен шығар тұста алдын-ала жеңіліп тұратындай әсер қалдырады.
Резервке мүмкіндік беруге бапкерлер қорқады
Бізде резерв бар. Жас боксшылар жетерлік. Оларға мүмкіндік беруіміз қажет. Мысалы, Бек Нұрмағамбет, ағайынды Төлтаевтар мен Оралбайлар бар. Мұндайлар көп. Бізде бапкерлер штабы негізгі құрамды ауыстырып, жастарға орын беруге қорқады. Мен Сиднейде Болат Жұмаділов пен Ермахан Ыбырайымовтан басқа ешкімді қалдырған жоқпын. Құраманы 80 пайызға жаңарттым.
Сезімнің кілтін таба алмай жатыр
Жоғарыда айтқандай, биыл бармаған оқу-жаттығу жиынымыз жоқ. Куба, Өзбекстан, АҚШ… барлық елдің құрамасымен бірге дайындалып көрді. Тек бапкерлерде сезімнің кілтін таба алатын қасиет жоқтығы білінеді. Мысалы, мына оқу-жаттығу жиыны керек пе, жоқ па, соны өздері білмейді. Қажет жерде тоқтай да білуі тиіс қой. Негізгі түйткіл — осы.
Алматыда база салды. Осында өткізе берсе де болады ғой. Босқа сыртқа шығындалып, қайта-қайта шетел жағалап оқу-жаттығу жиынын өткізе беретіндерін жақсы түсінемін. Өйткені көбі ақша жасаудың амалына кірісіп кеткен.
Бұрынғы бокс мектептерінің барлығынан айырылдық…
Боксшыларымызға еркіндік беруіміз керек. Бұрын қаншама бокс мектептеріміз болатын. Қарағандыда Леонид Тілеубаевтың мектебінен қаншама мықтылар шықты. КСРО-ны дүрілдеткен Серік Нұрқазов — сол мектептің түлегі. Қостанайдағы Валерий Никулиннің мектебін білетін боларсыз. Александр Мирошниченко, Эрик Хакимов секілді таланттарды тәрбиеледі. Таразда Цхай, Цойлардың мектебі қандай еді. Олардың мектебі қалды ма? Жоқ. Әрқайсысының өз стилі болатын. Жойып біттік. Өйткені үнемі орталықтан басқарғысы келіп тұратын шенеуніктер бар. Жекелеген мамандарға мүмкіндік бермейміз. Сенбейміз, қорқамыз.
Қарсыластарымыз қалай дайындалды?
АҚШ-та Олимпиада, сосын әлем чемпионаты мен Панамерика ойындарына бір-екі жаттығу жиынын өткізуге қаржы бөлінеді екен. Сондықтан олар өздері ақша тауып, жеке дайындалады. Ал бізе басқаша. Қаржы бөлінеді, жоспар құрылады. Бір жүйеге тығып тастаған. Бір «рамкадан» шығармайды. Ұнаса да, ұнамаса да солай жүресің.
Екі дүркін Олимпиада чемпионы қайдан шықсын
Үнемі қазақтан екі дүркін, үш дүркін Олимпиада чемпионы неге шықпайды деп жатамыз. Егер Олимпиадаға 34 жасында алғаш рет барып тұрса, екі-үш дүркін Олимпиада чемпиондары қайдан шығады?
Левит екінші рет қатысты. Бірақ ол жігітте тұрақтылық жоқ. Бірде жақсы, бірде сылбыр өнер көрсетеді. Ташкенттегі Азия чемпионатында да нокдаун алғаны бар. Қарсыласының аш екені байқалады. Ол енді Кубадан кетіп, Испанияның атынан шығып тұр. Өзін көрсетіп қалу үшін аянып жатқан жоқ. Біздің Васяны «жеп қоюға» дайын тұрды.
Левит Рио Олимпиадасында жүлде алған соң, оған қолпаштау көбейіп кетті. Келесі олимпиадалық циклге қатысатын боксшының бұрынғы жетістігі ұмытылуы керек. Мысалы, 1996 жылы Аталантада жүлде алған Ермахан мен Болатқа Синдейдің алдында осыны түсіндірдік. Олар ұқты. Солай болуы тиіс. Әйтпесе, тоқмейілсіп қалса нәтиже болмайды.
P.S
Токио Олимпиадасына барған 9 боксшының бесеуі жарыстан шығып қалды. Олар: Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит және Надежда Рябец (75 келі).