Түркістанда «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбында жиын өтті — новости Казахстана
Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» тақырыбында келелі жиын өтті. Басқосуға облыстық басқармалардың жауапты қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, ғалымдар мен қоғамдық ұйымның өкілдері және журналистер қатысты.
Аталмыш іс-шараны жазушы, қоғамдық форумның хатшысы Мархабат Байғұт ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде Сарыағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов, Тарих ғылымдарының докторы, археолог Бауыржан Әбішұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның түрколог ғалымы Сейсенбай Құдасов, Тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа сөз сөйлеп, «Ұлы даланың жеті қыры» мен Түркістан» тақырыбында жасалынып жатқан жұмыстар жайлы айтты.
Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жөнінде баяндама жасады. Облыс әкімі баяндамадағы ойларын ортаға салып, жиынның маңыздылығына тоқталды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасымыз Түркістанға арнайы тоқталып, ұлы шаhарды дамыту мәселесін айтты. Міне, осыған орай, «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» бағдарламалық мақаласында айқын көрсетілген тарихымыз бен жобаларды қолға алып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда және Түркістан облысын дамытуға барлығымыз бірлік пен татулықты ту етіп еңбек етуіміз керек. Бірлік пен ынтымақты, татулық пен тұрақтылықты, сайып келгенде, Тәуелсіздікті баянды, Ұлы дала елін мәңгілік, Түркістанды түркі дүниесінің текті төрі, мәдени-рухани орталығы ету мақсатындағы басқосуымыздың атын — «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деп атауды ұсынамын», – деді облыс әкімі.
Одан соң өңір басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сүбелі үлес қосқаны үшін өңірдегі меценат, облысқа еңбегі сіңген Сырым Ертаев, Талғат Ысқақов, Айыпхан Айымбетов, Бағлан Сүгірбаев сынды азаматтарды «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады.
Сонымен қатар, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» жиынына қатысушылар аталған тақырыпты талқылай келіп, ҚАРАР қабылдады.