Түркістан театрының директоры Астанадағы пәтерін 400 миллион теңгеге саудалап тұр
Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова тағы да жұртшылықтың назарына ілінді. Бұл жолы әлеуметтік желідегі жұрт мәдениет өкілінің «тұрғын үй мәселесін» талқылап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанада жоғары жөндеуден өткен бес бөлмелі пәтер туралы хабарландыруға бірінші болып журналист Михаил Козачков назар аударған. Ол Түркістан театрының директоры Көпбасарованың қымбат баспанасын сатып жатқанын алға тартады.
Оған Көпбасарованың өзі әлеуметтік желіде жариялаған суреттері де дәлел. Ол дәл сол пәтердің фонында түскен фотосын жариялаған. Ал сол пәтері қазір қымбат сомаға сатылып жатыр.
Пәтердің бағасына назар аударсақ, оның 400 миллион теңгеге саудаланып жатқанын көруге болады. Пәтердің жалпы ауданы 330 шаршы метрден асып жығылады.
“Ерекше ештеңе жоқ, тек Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова Астанадағы пәтерін 400 миллион теңгеге сатып жатыр. «Орынбор» тұрғын үй кешеніндегі ауданы 330 шаршы метр пәтер ешкімге керек емес пе? Ал ол “біздің әртістердің тұрмысы нашар, жалақылары аз” дейді», – деп жазады Козачков.
Ulysmedia.kz сайтының журналистері неліктен Көпбасарованы жергілікті билік белсенді түрде қолдап жатқанын және неге барлық мемлекеттік тапсырыстарды оған беруді жөн санайтындарын ашық түрде сұраған бірнеше мақала жариялаған. Түркістандағы онлайн-саммитті ұйымдастыруға бөлінген миллиардтаған теңгенің қайда кеткенін біз де анықтауға тырыстық, бірақ әкімдік әлі үнсіз.
Түркістан музыкалық драма театры өткен жылы «Бөрте» спектаклінің жай ғана жарығын қоюға 246 миллион 750 мың теңге жұмсағанын да зерделегенбіз. Тіпті ақшаны Айнұр Көпбасароваға қатысы бар компания алғаны белгілі болды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Өнер мамандары мұны босқа шығын деп есептеді. Әдетте театрлар бір спектакльге 5-6 миллион теңге жұмсайды. Ал театр директоры Айнұр Көпбасарова Ulysmedia.kz сайтына бұл шығын туралы толық ақпарат бере алмады.