Түркістан облысында үйлері суға батқан жұрт аудан әкімін ұруға дейін барды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында су астында қалған ауылдардың тұрғындарына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы мемлекет басшысы мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда 20 мыңға жуық азамат өз үйлеріне оралып үлгеріпті. Алайда баспаналарына бара алмай отырғандар да бар көрінеді. Олар үйімізді ұрылар тонап кететін болды деп қорқуда екен. Осыған байланысты Өргебасы ауылының тұрғындары Мақтаарал ауылының әкімі қол қусырып отыр деп кінәләп, оны жұдырықтың астына ала жаздады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Мақтарал

Тұрғындар иесіз қалған үйге баукеспелер түседі деп алаңдауда. Үйлеріндегі заттарды алуға рұқсат бермеген олар Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановты ұруға дейін барыпты. 

Еске алайық, Түркістан облысындағы елдімекендер 1 мамырға қараған түні судың астына кетті. Бұған себеп —  Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы. Іргебасы, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси және Достық ауылдарын батырған су әлі кетер емес. 

Тағы жеті елді аймаққа су басу қауіпі төніп тұр. Жалпы алғанда Мақтаарал ауданынан 30 мыңға жуық азамат эвакуцияланыпты. Суға кетпеген ауыл тұрғындары бірте-бірте өз үйлеріне қайта оралуда. Қазіргі таңда құрылған арнайы комиссия топан су әкелген зардап шығынын есептеп жатыр. 

«Міндетті түрде жағдайды тұрақтандырамыз. Сабырлы болайық. Ауылдарды аралап жүрмін, мәселеге түсіністікпен қарап жатқандар бар. Бірақ кейбір тұрғындар қызық-қызық сұрақтар қойып жатыр. Еске салайын, қазір елімізде төтенше жағдай. Карантин режимі тағы бар, оған да жауапкершілік қарастырылған», — деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкееев.

Бүгінгі күні 845 үй мен 8 гектарға жуық мал жайылымы су астында қалған. Олардың көп бөлігінде мақта отырғызылыпты. 3500 жуық тұрғын әлеуметтік орталықтарда жатқан көрінеді. 

stan.kz