Түркістан облысындағы апат: депутат баспана мәселесін қозғады

0
58

Мәжіліс депутаты премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысындағы төтенше жағдай мәселесін қозғады

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында үйлерін су басқан ауыл тұрғындарына төтенше жағдайдан келген шығынды толық көлемде өтеу қажет. Ал диқандарға егінді қайта егу үшін қолдау көрсеткен жөн. Бұл туралы мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысындағы төтенше жағдайды қозғады.

Депутат зардап шеккен ауыл тұрғындарына шығынды толық көлемде өтеу қажет деп санайды.

«Үкіметтік комиссия су алған тұрғын үйлерге келген залалды бағалауда тек үйдің салынған материалына ғана емес, үйдің текше метрлік көлемі мен тұрғындар санын негізге алуын сұраймыз. Кейбір тұрғындар өз мүлкін рәсімдеп үлгермеген де шығар. Осы жағдайды ескеру қажет», — деді Ержан мәжіліс отырысында.

Бұдан бөлек, ол жер асты суларының жақын орналасқанын ескеріп, су басқан жерлерді бабына келтіру мақсатында дренаж жүйелерін қолдануды және қашыртқыларды іске қосу қажет деп санайды.

«Диқандарды егінді қайта егу үшін қолдау жолдарын қарастыру қажет. Оның ішінде ауыл шаруашылық техникасымен, жанар-жағармаймен жедел қамтамасыз еткен абзал. Егістік алқаптарында уақытша паналайтын мүмкіншілік жасау керек», деді мәжілісмен.

Сонымен қатар, Ержан карантин жағдайында тұрғындарға медициналық көмек беру мәселесіне аса жоғары мән беру керек деп есептейді.


©
Photo : КЧС

31 мыңнан астам ауыл тұрғыны эвакуацияланды

Депутат суармалы сумен қамтамасыз ету және су реттегіштердің сын көтермейтінін де айтты.

«Бүгінгі орын алған апаттық жағдайда олардың су өткізу қабілеті төмен болғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, сол алқаптағы қашыртқылардың уақытылы тазаланбауының салдарынан қоқысқа толып, жарамсыз болуы тасыған судың өтуіне кедергі жасап, жағдайдың өршуіне әкеп соғып отыр. Осы ретте, су құрылымдарының жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз ету керек», деді ол.

Түркістан облысындағы апат

Бірінші мамырда Өзбекстан аумағында орналасқан «Сардоба» су қоймасы бөгеті бұзылды. Соның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекені су астында қалды.

Соңғы деректерге сүйенсек, он шақты ауыл, 800-ден аса үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысанын су басты. 31 мыңнан астам ауыл тұрғыны эвакуацияланды. 7600 гектарға жуық егін алқабына зиян келді.

Төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Мемлекет басшысы су басқан ауыл тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету туралы тапсырма берді.



sputniknews.kz