Түркістан облысында «Туған жер» жобасы аясында 97 нысан пайдалануға берілді

0

Олай дейтініміз, биыл Түркістан облысында «Туған жер» арнайы жобасы бойынша демеушілердің көмегімен 97 нысан іске қосылды. Олардың 28-і білім мекемелерінің құрылысы болса, 3 ғимарат қайта жөндеуден өткізілген. Сонымен бірге, 2 медицина мекемесі, 12 спорт нысаны ашылып, 2 спорт алаңы жөнделді. Мәдениет саласында 15 нысан пайдалануға беріліп, 5-уі қайта жөндеуден өткізілсе, абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылған. Осылайша кәсіпкерлер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған бастаманы жүзеге асырып отыр. «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын», — деген болатын Мемлекет басшысы бағдарламалық мақалада.

Бүгінде жомарт кәсіпкерлердің демеушілігімен пайдалануға берілген нысандар ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Мәселен, Отырар ауданында құны 248 млн. теңгені құрайтын спорт кешені мен бокс залы жастарға есігін айқара ашты. Ал, Бәйдібек ауданында 14,3 шақырым жолға «Ақылды шам» желісі орнатылған. Бұл игі іске демеуші кәсіпкер 195 млн. теңге жұмсаған. Қазығұрт ауданындағы құны 100 млн. теңге құрайтын Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған мемориалдық кешені, Кентау қаласындағы құны 80 млн. теңге және Сарығаш ауданындағы құны 50 млн. теңге болатын спорт кешендері де елге қызмет етуде. Төлеби ауданында ашылған «КазМед» медициналық орталығы, Сайрам ауданында 125 орындық балабақша және өзге де әлеуметтік нысандар туған жерін сүйетін кәсіпкерлердің көмегімен салынған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы.

Дереккөз: http://egemen.kz/