Түркістан облысында көпбалалы отбасыларға қосымша 500 мың теңгеден беріледі

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

24 0 0

Бір отбасы орта есеппен айына 100-150 мың теңге, жылына 1,8 – 2 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек алады

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр — Sputnik. Түркістан облысында өз кәсібін ашқан көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз 500 мың теңге грант беріледі.

Елбасының жаңа бастамаларына сәйкес, облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасыға үйме-үй аралау арқылы әлеуметтік карта жасалынды. Әлеуметтік карта бойынша облыстағы 86,6 мың көпбалалы отбасының 19 мыңы тұрмысы төмендер қатарына енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді, деп жазды otyrar.kz.

«Бүгінгі таңда 24 748 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 21 608 отбасыға 4,7 миллиард теңге төленді. Сонымен қатар, 1 тоқсанда көмек мөлшері қайта қаралып, 15 422 отбасыға көбейген мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек төленді», — деді Ербол Әбілхайырұлы.

Бердібек Сапарбаев бау-бақшадағы жеміс-жидек кіріс ретінде саналмайтынын айтты

Осы жылы енген өзгерістерге байланысты шартты ақшалай көмекті 12 айға, шартсыз ақшалай көмекті 6 айға тағайындау көзделіп отыр. Бір отбасыға атаулы әлеуметтік көмектің айлық мөлшері орта есеппен 100-150 мың теңгені, жылдық мөлшері 1,8 – 2 миллион теңгені құрайды. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану үшін тұрмысы төмен азаматтарды кәсіпкерлікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Нәтижесінде 2019 жылдың 1 тоқсанында 400-ге жуық отбасы өз ісін ашты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көпбалалы отбасыларға қосымша қайтарымсыз 500 мың теңге мемлекеттік грант беріледі», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда облыста көпбалалы отбасыларға «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы бір пайыздық 2 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген шағын кредит беріліп жатыр. Осы мақсатқа 100 миллион теңге қаржы бөлінді.

Бұдан бөлек 2019 жылы республикалық бюджет есебінен 1248 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары демеушілер есебінен де жүргізілуде. Биыл демеушілер тарапынан 18 көпбалалы отбасы баспаналы болды.  

 



sputniknews.kz