«Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек»

0

Оралдық белсенді Аслан Сагутдинов – 22 жаста. Азаматтық белсенді әрі видеоблогер наразылық акцияларын түсіріп, өңірдегі қоғамдық маңызды мәселелер жайлы ролик жасайды. Белсендінің пікірінше, демократиялық елге айнала алмаған Қазақстан – саяси реформаларға зәру.

Азаттық: Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер! Бүгін Батыс Қазақстан облысы Оралда тұрып жатқан белсенді Аслан Сагутдиновпен әңгімелесеміз. Ол мамырдың 6-сы күні қаладағы орталық алаңда жазуы жоқ ақ плакатпен акция өткізген.

Сәлем, Аслан!

Аслан Сагутдинов: Сәлем!

Азаттық: Акциядан кейін не болды? Жалпы өмірің қалай өзгерді?

Аслан Сагутдинов: Көп адам жылы лебіздерін білдіріп, қолдады. Шынымды айтсам, мұндайды аса қатты ұната бермеймін. Оданша бұл азаматтар <…> өз бетінше әрекет жасаса жақсы болар еді, себебі мұндайға таңғалудың қажеті жоқ. Мұндай нәрселер бола береді, ешқашан бітпейді. Әрі қарай дами береді, дами береді. Оданша әркім өзі талпыныс жасағаны дұрыс. Әрине, митингті айтып тұрған жоқпын, соған пара-пара дүниелер жасаса.

Ақ плакат ұстап тұрған белсенді Аслан Сагутдинов. Орал, 6 мамыр 2019 жыл.

Ақ плакат ұстап тұрған белсенді Аслан Сагутдинов. Орал, 6 мамыр 2019 жыл.

Азаттық: Қазір сені әскер қатарына алайын деп жатқанын білеміз. Әскери комиссариатқа шақырып жатыр ғой.

Аслан Сагутдинов: Қазір ғана сол әскери комиссариаттан келдім. Медициналық тексеруден өттім. Бір әрекет жасасам, мысалы, митингтерді түсіруге тырыссам, дәл осындай сәттерде мені әскери комиссариатқа, әскерге шақыра бастайды. Менің жүрегім ауырады – аневризм (қан тамырларының кеңеюі – ред.). Оларға барлық құжаттарды, осындай диагноз барын көрсеткем. Бірақ сонда да қайта қайта шақыра береді.

Азаттық: Жалпы мұндай акция өткізуге не нәрсе түрткі болды? Не үшін осындай формада жасадың?

Аслан Сагутдинов: Бұған дейін ұзақ уақыт бойы митингтерді түсіріп жүрдім. Бірақ белгілі бір сәтте азаматтық ұстанымыңды білдіріп, әрекет жасау қажеттігін ұқтым, себебі мұндай мүмкіндік енді ешқашан болмай қалуы ықтимал. Әрі қарай жағдай тек ушыға береді. Осы сәтті жіберіп алмас үшін, елде қандай бір өзгеріс жасауға мүмкіндік туып тұрған кезде азаматтық ұстанымымды білдірмек болдым. Және бұл заңды, олар маған ештеңе істей алмайды. Өзі де сол болды.

ВИДЕО: Сұхбатты көріңіз (Орысша).

Азаттық: Акциядан кейін Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми БАҚ-та бірнеше рет «мемлекеттік билік өкілдерін арандатуға тырысқаныңды» айтты. Facebook-тағы жазбаларыңда өзіңді полицияның аңдып жүргенін жаздың. Мемлекетке қауіпті болатындай сен не жасадың?

Аслан Сагутдинов: Мұны тіпті өзім де түсінбеймін. Мен GoPro камерасы бар қарапайым азаматпын, оны ылғи тартып алып кетеді. Митингтерді түсіруге тырысамын. Өзім митингке қатыспаймын. Бірақ азаматтарға билікке наразы адамдар бар екенін көрсеткім келеді. Бұл оларға [билікке] ұнамайды және үнемі мені аңдиды. Бұрын полицей көліктерінде аңдушы еді, қазір жеке көліктерге мініп алып, азаматтық киім кигендер артымнан қалада ілесіп жүреді. Басқа пәтерге көшіп кетсем, осында тұрақты түрде тіркеліп, тұрақты тұратындай әскери комиссариаттан шақыру келеді. Учаскелік полиция қызметкері келеді. Міне осындай оқиғалар үнемі қайталанып тұрады.

Полиция қызметкерлері Аслан Сагутдиновты ұстап бара жатыр. Орал, 6 мамыр 2019 жыл.

Полиция қызметкерлері Аслан Сагутдиновты ұстап бара жатыр. Орал, 6 мамыр 2019 жыл.

Азаттық: Қандай да бір тыйым салынған саяси ұйымдарға мүше емессің бе?

Аслан Сагутдинов: Мен бірде-бір саяси ұйымға мүше емеспін. Тәуелсіз адаммын.

Азаттық: Мемлекет білім алып, сүйікті ісіңмен айналысуға мүмкіндік береді. Не үшін қоғамдық-саяси тақырыптарға қызықтың?

Аслан Сагутдинов: Маған айналамдағылар «Отбасын құр, жақсы жұмыс тап, оқы және тыныш өмір сүр» дейді. Бірақ бұл менің ойымша, өз балаларыңды сатып кеткенмен пара-пар. Мен митингке шығып, медицина туралы айтқан жоқпын – оның сапасыз екенін, білім, құқық қорғау органдары жайлы айтпадым. Әсіресе жемқорлық экономиканың бір бөлшегіне айналған Қазақстанда мұның бәрі түсінікті. Мысалы, есірткі сияқты заттар туралы айтуға болатын еді. Мысалы, өзіміздің Оралды алыңыз. Жақында әрбір үйдің сыртында есірткі жарнамасы жазылып тұратын шығар. Егер Оралда ұрлықшының қолын қайырып ұстап, полицияға әкелсең, дәлел жеткіліксіз болғандықтан немесе басқа себептермен босатып жібереді.

Люди говорят мне: «Заведи семью, найди нормальную работу, учись и живи спокойно». Но я считаю, что это, как подставить своих детей, — даже рожать в этом Казахстане. В том Казахстане, каким он является прямо сейчас.

Азаттық: Өзің қай жақта тудың? Мамандығың қандай? Қалай азаматтық белсенді атандың?

Аслан Сагутдинов: Ауылда дүниеге келдім, ол жақта әлі күнге дейін интернет, мобильді байланыс, жарықтандыру жүйесі нашар, екі көшеде ғана сегіз шам бар. Қаншама көше жарықсыз қараңғыда отыр. Қыста балалар қараңғыда мектепке барады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Жағдайды жақсарту керек, әсіресе ауыл жағдайын түзеу керек. Көрші ауылдарда бәрі жақсы. Бірақ бізде онша емес. Неге екені белгісіз.

Азаттық: Жоспарың туралы айтып берсең. Әрі қарай не істейсің?

Аслан Сагутдинов: Қазір істеп жүрген шаруаларымды жалғастырам. Яғни азаматтарға наразы адамдарды көрсетем. Ал енді олар бір нәрсені өзгерткісі келе ме, жоқ па, оны өздері шешеді. Шыққысы келе ме, қайталай ма, не белгілі бір адамдардан үйренгісі келе ме, өздері біледі. Болашақта егер Қазақстан еркін елге айналса, программист немесе журналист болып істейтін шығармын. Ал әзірге осы.

Азаттық: Сенің ойыңша, Қазақстанда жастардың азаматтық ұстанымын білдіруге жағдай жасалған ба?

Аслан Сагутдинов: Менің ойымша, Қазақстан бұл – ірі фикция (жалған). Бізде мемлекет емес, оған пародия бар. Яғни, қағаз жүзінде бәрі жақсы. Мысалы, Ресейді алыңыз. Әлемдегі ең озық елдер қатарына кірмейді. Бірақ онда да адам мейлі аштық ұстасын, мейлі полиция алып кетсін, пикетке шығып тұра алады. Оларды жиі [полиция] алып кетеді, бірақ жалпы тұра алады. Ал бізде бұл тіпті мүмкін емес. Бізде бірден қолын қайырып, ұстап әкетеді. Яғни, Ресейден гөрі әлдеқайда нашар.

Азаттық: Қазақстанда не үшін жастар қоғамдық-саяси мәселелерге қызықпайды?

Аслан Сагутдинов: Менің ойымша, бұл менталитет, жалпы алғанда бәріне бәрібір. Сондай ұстауларды, сондай қылмыстық істер қозғалып жатқаныне куә болған азаматтар көшіп кеткенді жөн көреді. Ондай адамдарды айыптамаймын. Бұл сенің өмірің. Өзгерту керек пе не басқа елге көшіп керек пе, бәрін өзің шешесің. Маған мысалы көп адамның мені қолдап-қолпаштай бастағаны аса қатты ұнамайды, маған «жарайсың» деп айтқаны керек емес, таңғалудың қажеті жоқ, өзің «жарайсың» дейтіндей іс атқару керек. Түсінесіз бе? Әйтпесе осылайша әрі қарай да отыра береміз. Біздің менталитет мынадай ғой: «мүмкін», «жарайды», «осылай бола берсін». Бұлай істесең, алысқа бармайсың. Өзгеру керек.​

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз