Түркістан облысында 8-сынып оқушысы коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан

0

Жасөспірім ата-ананың қадағалауына беріліп, полиция олармен тиісті профилактикалық әңгімелесу жүргізген

АЛМАТЫ, 30 наурыз– Sputnik. Түркістан облысында коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан 8-сынып оқушысы ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

«Кентау қалалық полиция бөліміне белгісіз біреулердің Қарнақ ауылында коронавирус жұқтырғандар бар деп әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», – делінген хабарламада.

Жедел іздестіру нәтижесінде ақпарат таратқан Қарнақ ауылындағы мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім қылмысын толық мойындады.

«Жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – делінген ақпаратта.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан әйел қамалды

Бала ата-ананың қадағалауына берілді және полиция олармен тиісті профилактикалық әңгімелесу жүргізді.

Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 284 адамға жетті.

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкенттің тұрғын үй алабы карантинге жабылды. Бүгіннен бастап Ақтау, Атырау және Қарағанды ​​облысының бес қаласы (Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск) жабылды.

31 наурыздан бастап Қостанай облысы өз шекарасын жауып жатыр – бұл өңірде коронавирус індеті тіркелген жоқ.



sputniknews.kz