Түркістан аймағының Берлинде басылған көне картасы

0

Аталмыш көрмеге келушілер Осман империясының ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың ортасындағы  Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы сыртқы саяси қызметінің тарихын бейнелейді және келушілерге Түркияның мемлекеттік мұрағаты ұсынған мұрағаттық құжаттармен танысуға мүмкіндік алды.

«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым қатынастарының құжаттары» атты көрмесі мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Көрмеге Османлы мемлекеті  мен Орта Азия хандықтарының қарым қатынасын баяндайтын  40  құжат қойылған. Олардың  барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Келушілерге  бұл құжаттардың арасынан қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының  1713 жылы жазылған хаттарысияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылды.

Көрмеде көрсетілген хаттар тізімінде қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолдаған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);  қазақ ханы Қайып Мұхаммед жолдаған бөлек сый-сияпат тіркелген 10 дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз); қазақ ханы Қайып  Мұхаммедтің елшісі  Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714жыл 16 қаңтар); қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхамедтің елшісі Мұхамед құлдың ауызша сәлемінің  қағазға түсірілген нұсқасы ( 1714 жылғы 16 қаңтар);

Қазақ ханы Қайып Мұхамедтен келген хаттың көшірмесі ( хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендігі, әрдайым  дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы 14 желтоқсан); М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы   «Central  Asia #1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл); Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы  (1862 жыл) тәрізді құжаттар көрсетілген.

Сондай-ақ  Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарынан басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар бар.

Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түркияға көшуіне қатысты қосымша құжаттарды да кездестіресіз.

Аталмыш  жиында Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз, Түркия Республикасы  Премьер-Министріне  қарасты  Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угар Үнал, қазақстандық архив қызметкерлері мен тарихшылар бас қосты.

Көрменің ашылуы қызықты концертке ұласты.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ