Түркия қорғаныс министрі Қазақстанға не себепті келді?
Бүгін Хулуси Акар әріптесі Нұрлан Ермекбаевпен кездесті.
Бүгінгі кездесуден тәуір жаңалық естідім. Ол түріктердің әскери білім мәселесінде Қазақстанға қолғабыс жасауға бекінгені жайлы ақпарат.
Рас, Түркияның әскери оқу орындарында бұрын да мамандарымыз оқыған. Әлі де бар. Бірақ биылдан бастап Анкара «киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша әскери маман даярлауға квота бөлмек екен. Бұл жақсы іс.
Олардың әскери ІТ мамандарының қабілетін білемін. Бірқатар лабораториясында болғанмын. TÜBİTAK дейтін зерттеу институтында бұл бағытта тәуір жұмыс істеліп жатқанын көргенмін, атышулы SOM зымырандары мен бетон тесуге арналған бомбаларының алғашқы «разработкаларын» көргенмін.
Түріктер 2010 жылдардан бастап-ақ барлық ұрыс техникасына өздерінің операциялық жүйелерін орнатуға тырысып жатқан ел. Әскери салада киберқауіпсіздікке көп көңіл бөледі. Сондықтан біздің мамандарды Түркияда оқыту пайдалы болары сөзсіз.
Айтпақшы өткенде Arman Shorayev ағамыз офицерлерді Түркияда даярлау керек деген бейнеүндеу жасаған.
Хулуси Акардың осы жолғы сапары сол үндеуде айтылғандармен үндесе кетті. Бұл сапар сонысымен ерекше. Хулуси Акардың Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде әрі Ресей Қорғаныс министрі С.Шойгудан кейін сапар жасауының да тікелей және жанама ықпалы болатыны сөзсіз.
Бірақ ол ұзақ әңгіме.
Амангелді Құрметұлы, Facebook парақшасынан