Түркия ауған келіссөзіне арағайын болғысы келеді

0

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өз елі ауған үкіметі мен «Талибан» қозғалысы арасында 17 жыл бойы жалғасып келе жатқан қарулы жанжалды тоқтату туралы Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы келіссөздерге арағайын болуға ниетті екені туралы мәлімдеген.

Ердоған 4 қаңтарда Анкарада Пәкістан премьер-министрі Имран Ханмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында биыл наурызда Стамбулда үшжақты кездесу өтетінін хабарлаған. Премьер Хан алда болатын келіссөздер Ауғанстанда «көптен күткен бейбітшіліктің» орнауына септеседі деп үміттенетінін айтты деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Стамбулда наурызда кездесу өтетіні туралы хабар АҚШ ауған үкіметі мен «Талибанды» келіссөз өткізуге ынталандыруға тырысып жатқан кезде жарияланды. Бұған дейін АҚШ-тың арнайы өкілі Залмай Халилзоз Таяу Шығыс елдерінде «Талибан» өкілдерімен үш рет кездескен. Бірақ тәлібтер Ауғанстан үкіметі өкілдерімен бетпе-бет кездесуді қаламайтынын бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық