Түркия Асад әскеріне «қарымта жауап берді», НАТО Дамаск пен Мәскеуді айыптады
Түркия әскері Сирияның үкімет күштеріне соққы жасады, бұған дейін Идлиб провинциясында Асад әскерінің шабуылынан кемінде 33 түрік сарбазы мерт болған еді. НАТО Дамаск пен Мәскеуді аумақты жөн-жосықсыз бомбалады деп айыптады.
«Сирия режимінің бізге белгілі нысандарын әуеден де, жерден де атқыладық және атқылай береміз» деді 27 ақпанда Анкара өкілі Фахреттин Алтун.
Anadolu агенттігінің хабарлуынша, Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавошоглу Асад әскерінің шабуылынан кейін НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергпен телефон арқылы сөйлескен. Столтенберг Идлиб провинциясындағы «Сирия режимінің әуе соққысы мен оған дем беруші Ресейді» айыптап, шабуылды тоқтатуға шақырған. Ол аймақта гуманитарлық жағдайды онан сайын ушықтырмас үшін тараптарды келісімге келуге үндеген.
Ал АҚШ мәлімдемесінде Анкараны С-400 ресейлік зенитті зымыран жүйесін сатып алмауға шақырып, «шынайы одақтастың кім екенін түсінетін мезгіл жетті» деп айтқан.
Идлиб провинциясында шабуыл кесірінен ауруханалар, мектептер мен босқындар лагері қирағанын айтқан БҰҰ-дағы Франция өкілі «Асад әскері мен оның одақтасы Ресейдің осы аумақты үздіксіз бомбалауын» айыптады.