Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бүкіл ұжымымен Медеу мұз айдынына барды

0
179

Осыдан болар, биыл «Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұжымы бұрын-соңды болмаған үрдіс бастап, жаңажылдық мерекені Медеу мұз айдынында қарсы алды. Бұл бастамаға банктің 600-ге тарта қызметкері мен олардың отбасы мүшелері ортақтасты.

Таза ауадағы сергек дема­лыс­тың қала тұрғындары үшін де тағылымды тұстары бар еді. Медеуге сырғанауға бар­ған­дар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің шат-шадыман мере­кесі­нің ортасынан табылды. Алматы­лықтардың тағы бір легі алдағы күндері саламатты өмір салтын паш еткен банктің жаңа салымшыларына айналуы ғажап емес.

«Бүгін біз Медеу шатқалын­дағы үлкен корпоративте өткен жылға есеп беріп, үздік қызмет­керлерімізді марапаттап, 2019 жылды ерекше қарсы алуға шешім қабылдадық. Мұндай кор­поратив біздің банктің идео­логиясымен толық үйлеседі. Шаһары­мыздың керемет төрінде ұжым болып бір кісідей саф ауада коньки теуіп, спортты да насихаттап, айта жүрерліктей тамаша демалысты өткеріп жүрміз.

Ең бастысы, өз өміріміз­ді жақсартып қана қоймай, бала­лары­мыздың алаңсыз келе­ше­гін қамтамасыз етіп, кең әрі әдемі үйлер мен пәтерлердің иесі атана­мыз десек, құндылықтар жүйе­­сін өзгерту керек. Әрі мұны ұда­йы айтып отырамыз. Мәселен, қазір қоғ­амда белең алып тұр­ған бір ме­зет­тік тұтынушылық идео­ло­гия­ға қарсылық ретінде ұзақ­ мер­зім­ді жинақ мәдениетін қалып­­тас­тырып, дамыту қажет. Сон­­дық­тан осыған алдымен өзіміз үлгі болып, артық шығын­сыз-ақ мерекені атап өтіп, көңіл көтеру­ге бола­ты­нын дәлелдейік деп шешім қа­­был­дадық», дейді Тұр­ғын үй құ­рылыс жинақ банкі басқар­ма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оқырман есінде болса, біз бұған дейін де банктің Қоғам­дық кеңесі бар екендігін, оған елдің сөзі өткір танымал жур­налистері, аузы дуалы қоғам қайрат­керлері мүше екенін баян­­дағанбыз. Сондықтан мере­келік оқиғаға отбасымен бірге ортақтасқан Қоғамдық кеңес­тің төрағасы, белгілі журналист Сергей Пономарев: «Біз бұл жолы жаңажылдық мере­ке­мізді табиғаттың тамашасы Медеу мұз айдынына көшір­дік. Бұл жерде көңіл күй де басқа, демалыс та өзгеше қызық. Ал Қоғамдық кеңестің міндетіне келетін болсақ, біз банк салым­шыларының мүддесін қорғауға тиістіміз. Біз банк қызметіне, жаңа ұсыныстар мен өнімдерге бейтарап бақылау жасай отырып, банк клиенттерінің басқа да тілектерін басқарма қаперіне салып отырамыз. Қоғамдық кеңес мүшелері пікір алмаса отырып, салымшылардың сенімі мен банк қызметінің тұрақтылығына қызмет етеді. Бүгінгі мына мұз ай­ды­нына қараңызшы, мұндағы ме­ре­ке­лік ахуал керемет емес пе?! Амандық болса, келесі жылы Шым­бұлаққа дейін өрлеуі­міз мүмкін. Жұртқа жай ақыл айт­­­қанша, алдымен өзің сол жол­ды бастап, саламатты өмір сал­тын өзің насихатта. Спортпен бірін­ші болып өзің айналыс, сонда ғана өзгелер саған ереді» дейді.

Не десек те, дарақылық пен ас та төк дастарқандардан бас тартып, Медеу шатқалын ғажайып мерекеге бөлеген банктің үрдісін шаһар тұрғындары үлгілі іс деп бағалады. Әрі мерекенің бұл түрін үнемшілдік пен пара­сат­тылықтың да бір парасы деп білген жөн. Банктің корпора­тив­тік мерекесіне еріксіз куә бол­ған алматылықтар алдағы уа­қытта салымшы болуға септе­се­тін жа­ңа ақпараттарға да қанық болды. Және жұртшылық банктің үздік қызметкерлерін еңбегіне сай Медеу төрінде марапаттағанын көрді.

– Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үйреншікті отырыстардан бас тартып, бала-шағамызбен тауға келдік. Бұл идея барша қызметкерлері­міз­ге ұнады. Бәрі қолдай кетті. Осы ар­қылы біз қымбат мей­рам­ханаларсыз да керемет демалу­ға болатынына көзіміз жетті. Және бұл мұз айдынына кел­гені­міз барша демалушыларға ұнап жатыр. Осы бастамамызбен Медеудегі бұқаралық спорт түрін де қоса насихаттап, жақсы бастамаларға ұйытқы болып отыр­ғанымызға қуаныштымыз. Алдымен адамға баспанамен бірге мықты денсаулық, жақсы көңіл күй де керек. Үйлі боламын, күйлі боламын десең, той-томалақ­тар­ға шы­ғындала берудің қаже­ті жоқ. Әрі мұндай мерекелер ұжымның ауыз­біршілігін арттыра­ды, – дейді Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі басқарма төрайымы­ның орынбасары Жанар Жұбаниязова.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мейрамына тек қызмет­керлер ғана емес, осы күні Медеу­­ге коньки тебуге келген Алма­ты тұрғындары мен қонақ­тары да қатысты. Жиналған мей­­ман­дар үшін мұз айдынында «Medeo band» музыка тобы өнер көр­сетті. Сондай-ақ қызықты бай­қаулар ұйымдастырылды. «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі – қасаң мемлекеттік құрылым деген ойды өзгерткіміз келеді. 2018 жыл бойы біз клиенттермен және жалпы қоғаммен диалог жүргізудің жаңа әрі ерекше формаларын құру бойынша жұмыс жүргіздік», дейді Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ көктемде банк­тің жыл сайынғы «Жасыл мекен» акциясы аясында Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі қазақ­стандықтарды ауласы көгал­дан­дыруды қажет ететін тұр­ғын үй кешендеріне дауыс беруге шақырған болатын. Со­ның нә­ти­жесінде банк есебі­нен 1 мың­нан астам көшет отырғы­зыл­ды. Дауыс беруге 25 мың­нан ас­там адам қатысты. Тамыз айын­да банк батыл қадам жасап, клиент­терге арналған смс-хабар­ла­маларды жаңа, әзіл форматында таратты. Жыл басынан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметкерлерді оқыту­дың ойын түріндегі әдіс­терін сәтті қолданып келеді. Бұл ең­бек­тің нәтижесі ретінде банк «Қазақстан» номинациясын­да «Орталық Азияның HR-бренді» атты беделді жүлдеге қол жет­кіз­ді. Бұдан бөлек жақында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кеңес­шілер желісінің қатары­на бел­сенді және талапты адам­дар тартуды мақсат еткен «Орындалатын миссия!» рес­пуб­ликалық онлайн-ойыны аяқ­талды. Аталған жоба да үлкен резонанс туғызып, оған бүкіл елден 2 мыңнан астам адам қатысты, ал әлеуметтік желілер­дегі ойын бойынша көрсетілім саны миллион­нан асты.

Мереке соңында Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі басшылары ел тұр­ғындарын келе жатқан 2019 жы­лмен құттықтап, әр адам­­ға жа­ңа жылда пәтер мәсе­лесін ше­­шіп, қоныс той тойлауды тіледі.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/