Түлектердің өсу траекториясы — Шыңғыс Мұқан

0

Шымкенттің Политехникалық колледжінің студенттерімен кездестім, жақсы әңгіме болды.

Жалпы, Шымқалада 32 колледж бар, онда 31 770 студент оқиды. Оның ішінде 12 240 студентке әкімдік білім грантын беріп отыр. Колледждерді жыл сайын 8 мыңға жуық студент бітіреді.

Көпшілікті алаңдататын басты сұрақ: Түлектер қайда жұмысқа тұрады? Жұмыс орнын ашу — бұл экономиканың ісі. Экономика нарықта. Дегенмен экономикалық саясатқа жауапты мемлекеттік органдар бар. Ал білім сапасына БҒМ мен әкімдіктер жауапты.

Ал студенттердің жеке жауапкершілігі қандай? Әңгіме осы бағытта өрбіді.

Біріншіден, жас мамандар ең алдымен таңдаған мамандықтарды жақсылап игеру керек. Ол үшін «Жас маман» жобасы аясында соңғы екі жылда 7 колледжге заманауи жабдықтар орнатылды. Дуалдық оқу тәжірибесі (жұмыс істеп жүріп оқу) кеңінен енгізіліп жатыр. Себебі жұмысқа тұрғанда түлектердің 75 пайызына дейін көп нәрсені жаңадан үйренуге тура келеді екен.

Екіншіден, жұмысқа тұруды емес, алған мамандығын кәсіпке айналдыруға тырысу керек. Батыста түлектердің 90 пайызға жуығы “мен қандай кәсіп ашсам екен” деген оймен оқу орнын бітіреді. Ал бізде 90 пайыз түлек қайда жұмысқа тұрсам екен деп ойлайды. Жұмысқа тұрған жақсы. Бірақ кәсіп ашқан одан да жақсы. Табыс артады, жаңа жұмыс орындарын ашады.

Үшіншіден, студенттер өнертабысқа ұмтылғаны жөн. Колледжді аралап жүргенімде студенттер “Жас маман” бойынша алынған қытай, неміс, испан құралдарын қалай пайдалана алатынын көрсетті. Оны егер қолданып қана қоймай, одан да шағын әрі арзан аналогтарын жасай алсаңдар, аталған ұлттардан біз емес, олар бізден сатып алатын болады. Жас мамандар жұмыс орнын ашатын кәсіпкер ғана болмайды, жаңа индустрияны орнықтыратын өнертапқыш болады.

Мамандардың өсу траекториясы міне осындай: жақсы маман — мықты кәсіпкер — жасампаз өнертапқыш.

Студенттердің жеке жауапкершілігі өзгерістен басталады. Өзін өзгерте алған адам әлемді де өзгертеді. Ал әлем әркімнен бастау алады.

Шыңғыс МҰҚАН