Байденнің «карифаны» ұсталып, тұтқындалды

0
1544

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталып, тұтқындалғаны әлемнің жылдам ақпарат тарататын басылымдарында кеңінен тарап жатыр. Жуырда Мәсімов, «қай елдің жансызы болды?», «ол қандай елдерге қызмет етіп, тыңшылық жасады?» деген сұрақ туып, ізінше оның Ресей мен Қытайға бірдей жұмыс істегені туралы болжамдар айтыла бастап еді, енді, міне,  DailyMail.com сайты әлдебір құпия әңгіменің шетін шығарып, сурет жариялады. Суреттен төрт адамның анық бейнесі көрінеді. Ортада Кәрімді «карифаным», «ең жақын досым» (a friend of mine) деп атайтын Хантер Байден. Байденнің қасында Джо қария (АҚШ-тың қазіргі президенті). Екі шетте – Кеңес Рақышев пен Кәрім Мәсімов.

Сонымен, Хантер Байден «жақын досым» деп білетін Кәрім Мәсімовтің қаңтардың 6-сы күні ұсталып, мемлекетке сатқындық жасады деген айып-күдікпен тұтқындалғанын білесіздер. Өз оқырмандарына түсінікті болу үшін шетелдік ақпарат көздері Мәсімовтің 2007 жыл мен 2012 жыл аралығында, содан соң 2014 жыл мен 2016 жыл аралығында Қазақстан Республикасында пермьер-министр лаузамында болғанын, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5-қаңтарда қызметінен босатып, 6-қаңтар күні тұтқындауға пәрмен бергенін тәпіштеп жазуда. Қазақстанда «қасыретті қаңтар» оқиғасында 160 адам көз жұмып, 8000 адам түрлі жарақат алды дегенді қосады DailyMail.com сайты.

Уақыты нақты белгісіз фоторәсімде Джо Байденмен ұлы Хантер  (Hunter Biden) қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышевпен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен қатар тұр. Екі Байден күлкілерін езуіне дейін түріп алып, американдықтарға тән мінезбен тізілген тістерін көрсете түскен. Мәсімовтің де миығына күлкі үйіріле қалыпты. Рақышевтің де рахат хал кешіп тұрғаны байқалады. Фоторәсім алғаш рет «Активтерді елге қайтарудың қазақстандық бастамасы» —  «Казахстанская инициатива по возвращению активов» аталатын коррупцияға қарсы материалдар беретін сайтта 2019 жылы жарияланғанымен, суреттің түпнұсқасы (анықтығы) тәуелсіз сарапшылардың тарапынан тексерілмеген екен.

2020 жылы қазан айында суреттен Джо Байденнің ұлы Хантердің Қазақстанда іскерлік әріптестік құрып жүрген серкітестері Мәсімовпен және Рақышевпен кездескені анықталған.

Ол уақытта АҚШ-тың вице-президенті болған Байденнің баласы Украинаның Burisma энергетикалық компаниясының директорлар кеңесіне кіргенде Кәрім Мәсімовпен танысса керек. Ал сол уақытта Кәрім Қажымқанұлы Қазақстанда премьер-министр постын қайта иеленген еді.

Хантер Байденнің ноутбугінен алынған электронды хаттың мазмұнына қарағанда болашақ достар 2014 жылы Қазақстанда энергетика саласындағы келісімдердің жоғары мүмкіндіктерін талқылау барысында кездесіп, ортақ мәселені талқылаған көрінеді. 2016 жылы АҚШ-тың болашақ президентінің ұлы болашақтағы қарым-қатынастары нығаюы әбден мүмкін екені белгілі болған Мәсімовті «жақын досым» деп атады.

Осы арада DailyMail.com өз оқырмандарына Қазақстанда қаңтар оқиғасынан 164 адам, оның ішінде 3 сәби оққа ұшты дегенді айта кетеді.

Хантердің ноутбугіннен табылған хаттан расталған Мәсімов пен Байденнің уақыты нақтыланбаған фоторәсімі, сол жылдардағы вице-премьер Джо ұлын халықаралық іскерлік келісімдерге бейімдеп, беделін арттыруды көздеуі мүмкін деген қортынды бойынша New York Post таратқан хабардың ізінше тарап кетті.

Өткен аптада DailyMail.com Хантер мен Рақышевтің ықтимал қарым-қатынасы 2012-2014 жылдары басталғанын, ілгерідегі АҚШ вице-президентінің ұлы қазақстандық кәсіпкерлер мен американдық инвесторлардың арасында брокерлік жұмыстар жасап, делдалдық қызмет атқарғанын жазды.

Орта Азия елдеріндегі коррупцияға қарсы белсенділердің The Mail-ге берген электронды хатында Хантердің клептократиялық жүйедегі (мемлекет мүлкін тонау арқылы байлығын еселеп, биліктегі үстемдігін арттыратын топ құрған жүйе.-ред) Қазақстанның бұрынғы деспот президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен тығыз қатынас орнатқан Рақышевпен жиі жүздескені белгілі болды.

Хантер Қазақстанның елордасы Астанаға келіп, Нью-Йорк пен Вашингтондағы жеке басының тұрмыс-жайына қажетті қаржы тарту мақсатында Рақышевпен іскерлік рәуіште кездесулер өткізеді.

Содан кейін Байден Хантер Кеңес Рақышевті невадалық таукенөнідірісі компаниясын сатып алуға үгіттеп, фирманың өкілдерімен қатарынан бірнеше рет кездесулер ұйымдастырады. Онымен қоймай, сенатор-демократ әрі президенттікке бұрынғы үміткер Джон Керриді кинорежиисер қызы Александра Форбс Керримен бірге миллиондаған доллармен қаржыландыруға да көндіреді.

«Менің бауырым!», «анасы басқа бауырым!» деп, шала-пұшық ағылшыншасымен төтебайланыс арқылы  хабарландыру жазып келген Рақышев расында вице-президенттің баласымен «бауырласып» алғанға ұқсайды.

Олар өзара отбасылық мерекелері туралы бір-біріне әрнені айтып, Нью-Йорк пен Вашингтондағы сән-салтанаты келіскен мейрамханаларда түстеніп те жүреді. «Мен демалыстамын. Отбасыммен Мичиган жағалауында тыныс алып, жан шақырып жатырмын… әйеліммен, қызыммен қызықты күндерді бірге өткергім келеді. Ертең біздің шаңырақ құрғанымызға 20 жыл», – дейді Хантер Кеңеске 2013 жылы шілдеде жазған хатында.

«Жоғарыдағы фоторәсім шетелдік іскерлік байланыстардың барысында басы дауға қалып жүрген Хантердің әкесі вице-президент болып тұрған уақытта оны олиграхтардың орбитасына тартып, пайдалануды көздеген күндерінен естелік болса керек» деп, қортындыланады «Байденнің «карифаны» ұсталып, тұтқындалды» деген мақалада.

Ұрлап-жырлап тапқандарын айдалаға шашып, есірген біздің ұлтсыз, мемлекетсіз байлардың құйрығына қоңырау байланып, тықыр таяна бастады. Ал Байденнің баласы… сірә, оның ешнәрсеге басы ауырмайтын шығар…

Abai.kz