Ту қылып тік ұстадым тұтастықты…
Жеңімпаз рухым,
Көкті еркін шарла,
Жасымай қақ қанатты,
Желпін!
Самға!
Қанымда бір қасиет болмаса, әлі
Шырмалып жатар ма едім шер құрсауда?!
Жаныма жалау болып сол қасиет,
Арыма ғана келем арқа сүйеп.
Бағзыдан бағасы артып жеткен маған
Бабамның ғұрпы – аманат!
Салты – өсиет!
Бойымда –
НАМЫС, ЖІГЕР, ҚАҺАР, ҚАЙРАТ,
Ойымда ортақ мүдде – ОТАН, БАЙРАҚ!
Жарылқап жалғыз Ием бере салған
Бармақтай емес, маған бақандай бақ!
ШЫҒЫСҚА құшақ ашып, БАТЫСҚА ірге,
Бас шұлғып тұру маған жат іс мүлде.
Азаттық – АЛАШ үні асқақтаған
Айбыным аспан сүйіп АТ үстінде!
Қашаннан берекеме бірлік – тұғыр,
Тән емес маған мәнсіз, мұңлық ғұмыр.
Намысын биік қойып бар байлықтан,
Тәрк еткен талай қазақ тірлікті бұл.
Көрді де небір нәубет, жұт, аштықты,
Өр рухым тас түнектен жұтап шықты.
Бірлікті байрақ етіп мен сонда да,
Ту қылып тік ұстадым тұтастықты!
Қалқаман САРИН
Дереккөз: Айқын