Трамп жақтастары Конгреске басып кірді. Атыс кезінде кемінде 5 адам жарақат алған

0

6 қаңтар күні АҚШ президенті Дональд Трамп жақтастарының тобы Конгреске басып кіріп, АҚШ парламентінің қарашадағы президент сайлауының нәтижесін куәландыруға арналған ортақ отырысын тоқтатып тастады. Олар полициямен қақтығысып та қалды. Sky News мәліметінше, кемінде 5 адам атыс кезінде жарақат алған.

Конгрестің куәландыруы – АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясы алдындағы ең соңғы формалды рәсім. Бұл рәсім әдетте тыныш өтетін. Бірақ биыл АҚШ президенті сайлаудың әділ өтпегенін айтып, оның нәтижесін мойындамауға шақырды. Конгрестегі 14 республикашыл сенатор мен өкілдер палатасының 100-ден астам республикашыл мүшесі кей штаттардың нәтижесін куәландыруға қарсы шығатынын мәлімдеді.

Куәландыру Конгрестегі қос палатаның ортақ отырысында жүруі тиіс болған. Отырыс басталғанда Трамп жақтастары Капитолий ғимаратына басып кіріп, отырыс уақытша тоқтап қалды. Трампшыл наразылар полициямен қақтығысып қалды. Вашингтон полициясының хабарлауынша, тәртіпсіздік кезінде бір әйел оққа ұшқан.

Сайлау нәтижесін мойындамау бастамасы Конгрестегі республикашылдарды екіге бөлді. Сенаттағы республикашылдардың лидері Митч Макконнел куәландыру алдындағы пікірсайысты бастай отырып, сайлау нәтижесін теріске шығарғалы отырған партияластарына сынады.

«Сайлаушылар, соттар, штаттар – бұлардың бәрі айтарын айтты. Егер біз олардың айтқанын теріске шығарсақ, республикамызға өмір бойына нұқсан келтіреміз» деді Макконнел.

Миссури штатынан сайланған сенатор Джош Хоули мен Техас штатынан сайланған сенатор Тед Круз бастаған ондаған республикашыл сенатор мен өкілдер палатасының жүздеген мүшесі Аризона, Джорджия, Невада, Мичиган, Пеннсильвания және Висконсин штаттарындағы сайлау нәтижесін мойындамау ниетінен әлі де бас тартпай отыр.

Республикашылдардың талпынысы Байденнің президент атануын тоқтатуы екіталай. Өйткені өкілдер палатасы демократтар бақылауында және республикашылдар арасында партияластарының бастамасына қарсылар да бар.

3 қарашада өткен президент сайлауында ресми нәтиже бойынша 306-232 (электорлар дауысы) есебімен Джо Байден жеңіске жеткен. Бірақ Трамп сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартып, «соңына дейін берілмейтінін» айтты.

Конгрестегі отырыс басталар алдында Трамп жақтастары Вашингтон орталығында үлкен митинг өткізіп, онда Трамптың өзі сөз сөйледі.

«Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан мойындамаймыз» деді Трамп жиналған қауымға.

Трампшыл наразылар кейінірек Капитолий алдындағы қоршауды бұзып, ғимаратқа басып кірді.