Рахман Омар: Марқұм әйелім өмірімде ақ болып қала береді. Жалғыз қалғанда кінәмді сезінемін

0

Танымал актер Рахман Омар алғаш рет марқұм бірінші әйелі туралы сөз қозғады. Экс-әйелінің әрдайым өмірінде ақ күйінде қалатынын және бүгінде ұлы Досханмен қандай қарым-қатынаста екенін айтты.

Бұл туралы актер «Ең алғашқы» бағдарламасындағы сұхбатында баян етті.
Рахман Омар дәл қазір екінші отбасымен тұрады. Бірінші некесінен Досхан есімді ұлы бар.

«Бірінші әйеліммен болған жағдайды тағдыр шығар деп есептеймін. Бұған дейін тағдырдың барына сенбейтінмін. Баянсыз бақ деуге де келеді. Өмірімде түрлі-түсті ұяшық бар болатын болса, ол соның ақ түстісі болып қала береді. Гүлдерайым екеуіміздің ортақ баламызға тамаша тәрбие берді. Досханмен о бастан араласамыз. Оны тастанды бала еткен емеспін. Балаларымның алдында үлкен борышым барын білемін. Жалғыз қалғанда кінәмді сезінемін. Адам жалғыз қалғанда ойымен ғарышқа кетіп қалады. Өзіне есеп береді дегендей. Бастысы соңымнан ерген балаларыма Құдай өмір берсін. Соларды аяғынан нық тұрғызуға маған күш берсін», — дейді Рахман Омар.

Актердің ұлы Досхан марқұм анасының өзіне қандай тәрбие бергені туралы айтып берді.

«Анам еш уақытта әкемді жамандаған емес. Оны «жақсы адам» деп отыратын. Әкемді жақсы көріп өстім. Анам «әкеңе жақын бол» деп үйретті. «әкең — сүттен ақ. Оған ренжіме» деп өсірді», — дейді Досхан Омар.

Еске сала кетсек, Рахман Омардың бірінші әйелі пәтер жалдаушының қолынан көз жұмды. Оқиға 2018 жылдың 25 маусымы күні болды. Әйелдің мойнына 7 рет пышақ салған. Тергеу мәліметінше, қайғылы жағдай жанжалдан туған.

Гүлдерайым Омарованың артында үш баласы қалды. Марқұм әйел дүкенде сатушы болып жұмыс істеген.