Трамп Таяу Шығысқа 1500 сарбазын жібермек
АҚШ президенті Дональд Трамп «қауіп-қатерге төтеп беру мақсатында» Таяу Шығысқа 1500 сарбазды жібермек. АҚШ қорғаныс министрі міндетін атқарушы Патрик Шанахэннің мәлімдемесінде конгреске пентагон жоспары жайлы хабар жіберілгені жазылған.
BBC жазуынша, Таяу Шығысқа сарбаздармен бірге әскери ұшақ, дрондар және өзге де қарулар жіберілмек.
АҚШ президенті Дональд Трамп жұма, 24 мамырда Жапонияға сапары алдында Вашингтонда журналистерге Таяу Шығысқа «салыстырмалы түрде шағын» әскери топ жіберілетінін айтты.
Осы айда Парсы шығанағындағы жағдай ушыққан. 11 мамырда Сауд Арабиясына тиесілі екі танкер (бірі — Норвегияда, бірі Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген) шабуылға ұшыраған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат хабарланбады. Қазіргі кезде АҚШ Парсы шығынағына бір ұшақ тасығыш, бір бомбалаушы ұшақ орналастырған.
Алайда бейсенбі, 23 мамырда Трамп Парсы шығанағына көп әскер жіберудің қажеті жоғын айтты.