Трамп мигранттарға: Ендігәрі сіздерді қабылдай алмаймыз
Жұма, 5 сәуірде АҚШ-тың Мексикамен шекаралас Калифорния штатындағы Калексико қаласында жұрт алдында сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың иммиграциялық жүйесіне көп салмақ түсіп жатқанын айтты.
«Ендігәрі сіздерді қабылдай алмаймыз. Баспана беру туралы өтініш пе әлде басқа ма, бәрібір. Бұл заңсыз иммиграция» деді Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен шекаралас аумақта қоршауды алмастыру жұмысының барысымен танысу үшін бұл жаққа барған. Шекарадағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған дөңгелек үстелге қатысқан. Елдің оңтүстігіндегі шекарада дуал салу — Трамптың сайлауалды уәделерінің бірі болған. Былтыр жыл соңында конгрестің дуал құрылысына қаржы бөлуден бас тартуы АҚШ тарихындағы ең ұзақ – 35 күндік шатдаунға – үкімет жұмысының уақытша тоқтауына ұласқан.
Трамп сөзінше, АҚШ-тан баспана табуды көздейтін азаматтардың басым бөлігі қылмыстық топтан шыққан және олар баспанаға мұқтаж емес. Бірнеше күн бұрын Трамп Мексиканы «Орталық Америка елдерінен ағылған мигранттарды тежемейді» деп айыптап, шекараны жабамыз деп кіжінген. Оңтүстік шекараны жабу туралы қоқан-лоқы АҚШ-қа заңсыз кірмек болған отбасылар санының жуырда көбеюіне байланысты туындаған. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің бағалауынша, соның салдарынан елдің кеден жүйелері және шекара қызметі қиын жағдайда қалған. Шекара қызметінің мәліметі бойынша, наурыз айында «шекараны заңсыз кесіп өткен» 100 мың адам ұсталған. Олардың жартысы — балалары бар отбасылар. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.