Төр Алтай ма, Өр Алтай ма?

0

Бүгінгі Алтайды төрт мемлекет төрт жақтан еміп жатыр: Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия. Десек те Алтайды түркілердің алтын бесігі атаймыз. Неге? Себеп жалқы: Алтайды қаумалай қоршап, сол алып таудан, оның қойнау-қолатынан, өзен-көлдерінен тірлік талқандарын айырып жүргендердің баршасы қазақ! Бұл – бір. Екінші: осы соңғы жылдары (жиырма шақты жылдар төңірегі деп алайықшы) Алтайдың қазақстандық бөлігін халқымыздың классик жазушысы, жерлесіміз Қалихан Ысқақ өз шығармаларында Төр Алтай деп атап, қазақ топонимикасы үшін өте бір соны жаңалық алып келіп еді. Басқаларды білмеймін, менің өз басым нендей пәлсапа айтпасын, қандай мәселені көтермесін жекебас пайдасын мүлдем ойламайтын, тек елі мен жері үшін кеудесінен шыбындай жаны пыр етіп ұшып кеткенше еңбек етуден әсте тайынбаған, жалған дүниеде Алтайын ғана жырлап, соны ғана жүрегінің төрінен бір мәрте болсын төмен түсірмей өткен қайран ағамыздың мына оқыс әрекетіне қатты риза болғамын. Алайда, руханияттан талқанын айырып жүрген біраз жұрт, оның ішінде ғалымдары да, журналистері де, жазушылары да бар, солар: «Ойбай да ойбай, туырлығымызды жау шапты! Ежелден Өр Алтай еді. Әніміз де, сәніміз де сол атау еді. Қалихан сол түсінік-шымылдығымызды дар-дар айырып, өзінше жаңалық ашқан болыпты. Төр Алтай дегенді естіп тұрғанымыз осы…» десіп, несін айтасыз, күллісі қазақ тілінің этимологиясымен айналысып жүргендей, көшеліси қалыпты.   

 Жалпы басында қаузап кеткеніміздей, Алтай төрт мемлекетке ортақ. Ресейдегісі – Таулы Алтай, Моңғолиядағысы – Моңғол Алтайы, ал Қытай мен Қазақстандағысы ортақ – Өр Алтай аталад. (Қытаймен ортақ болу – қауіп!). Тәуелсіздікке дейін жұртымыз Алтайды даулағанды қойып, қазақ екендігінің өзін көрпенің астында күбірлеп, әрең айтып жүрді емес пе бір-біріне. Жарайды, ол «жиеншар» әңгімені қоя тұрайын. Енді, жаңағы Алтайды жіліктеп кеп жіберсек, оның 60 пайызға жуығы Ресей өңірінде жатыр екен. Қазақстандағысы он пайыздан аспайды. Сонда, Алтай түркілердің алтын бесігі болса, оның басым бөлігінің Ресейде жатуы қалай? Жауап тағы да жалқы: Алтай басқыншылардың тақымында кеткен! Кемеңгер Қалихан көкеміздің алапат өртке қанатымен су тамызған қарлығаш сынды, Алтайдың қазақстандық пұшпағын Төр Алтай деп шырылдауының басты себебі – түркілердің жерұйық мекені кәпірлер мен буддистердің меншігі болып кетпесін, Алтайдың орталығы, төрі, кіндік-эпицентрі Қазақстанда жатыр дегенді әлемге әйгілеу, түсініктеріне кіргізу, құлаққағыс ету еді. Нарық тілімен сөйлесек — Алтайды сертификаттау болатын. Соны неге түсіне алмай жүрміз? Неге мәселенің байыбына бармай, желді күнгі бөрінің артынша шуылдадық? Негізінен, жер-сулардың атқа ие болуы – бір ғасырдың ғана шаруасы емес үнемі тоқтаусыз, үздіксіз жүріп жататын конвейер сынды үрдіс. Ол үрдіс тек ХVІІІ немесе ХІХ ғасырларға дейін ғана жұмыс жасап келіп, онан кейін тірлігін тоқтатады деген сөз емес. Тіпті ХХІ немесе ХХІІ ғасырларда да жаңа атаулар пайда болып жатуы әбден мүмкін. Одан неге үркеміз? Оқыраланбай, қайта әп-әдемі, айдынды да айбынды ат тауып берген Ысқақовтай аруақтымызға алғыс айтуымыз керек еді ғой.  Мәселен, анау жолы шуы мен дуы Шығысты біраз дүбірге салған Зырян тақырыбын алайықшы. Ол жердің Зырянов келмей тұрып-ақ қазақша атауы болғаны рас. Алайда, ол хатталмаған, шотталмаған. Жүре-бара халықтың санасынан өшкен. Енді келіп Алтай атап жатырмыз. Оның бұрын Зырян аталғаны екі ұрпақ ауысқан соң мүлдемге ұмытылады. Сол сияқты Алтайдың қазақстандық бөлігін Төр Алтай деп атауға көшсек, келешекте қазақ деген ұлт болатын болса, сол дәуірлерде өмір сүретін ұрпақтарымыз: «Алтайдың иесі де, киесі де бізбіз. Неге десеңіздер біздер, қазақтар, Алтайдың Төрінде тұрамыз!» деп төңіректеріне асқақ қарайтыны, көкіректерінде жұдырықтай жүректері соғып тұрғанда Алтайы үшін шыбындай жандарын садағалайтыны шындық. Біздер рухани жаңғыруды, ұлттық патриотизмді ұрпақтар бойына осылай сіңірсек ерекше мықты, іргесі сөгілмейтін ұлт боламыз, ағайын!

Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ,

жазушы-публицист

Өскемен

Дереккөз: http://egemen.kz/