Тоқаевтың «тоқтату» заңы кімнің мүддесін қорғайды?

0
360
Фото: РБК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық әріптестері ортақ келісімді бұзған жағдайда, екеуара жасалған уағдаластықтың қолданылуын тоқтата тұратын заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған ҚазТАГ.

Осы хабарға қарағанда, мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған екен. Бұл, бір жағынан, Қазақстанның мүддесін қорғауға бағытталған заң сияқты. Әлбетте, мемлекеттік мүддені күйттейтін құжат сырт елдермен жасасқан келісімшарттан жоғары тұрғаны абзал.

«Заң жобасында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардың орындалуын тоқтата тұру түріндегі жауап шараларын (қарсы шараларын) қабылдау мүмкіндігін қарастыратын нормалар Қазақстанның әріптестері (контрагенттері) өз міндеттемелерін бұзған жағдайда іске қосылады», – деді ҚР вице-премьері – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді парламент мәжілісінде заң жобасын депутаттарға таныстыру барысында.

Иә, еліміздің шетелдік әріптестері екіжақты келісімге кесе-көлденең шешім шығарып, Қазақстанның мүддесіне нұқсан келтірген жағдайда бұл заң мемлекеттік мүддемізді қорғау үшін ауадай қажет. Мәселен, Ресей Федерациясының кедендік және фитосанитарлық мекемелері Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдерін түрлі сылтау-себептермен өз еліне кіргізбеудің сан қилы айла-шарғысын жасап жатқан қазіргі жағдайда мұндай заңның талаптарын іске қосуға болады. Тіпті Тоқаев қол қойған осы заңның негізінде Еуразиялық экономикалық Одаққа Қазақстанның мүшелік мұрсатын тоқтата тұруға да болады. Тоқаевтың бұл орайдағы «тоқтатуы» Ресейге реніші асқынған халықтың көкейіне қонады.

Бірақ, екінші жағынан, Қазақстан өзінің халықаралық келісімдерін мүлтіксіз орындау жөніндегі уағдасын парламент арқылы ратификация жасағанын қайда қоямыз? Халықаралық келісімді ратификация жасау – сол құжатты парламенттік негізде заңдастыру деген ұғымды білдіреді. Яғни, Тоқаевтың «тоқтату туралы» заңы мен бұған дейін «бірге жұмыс істейміз» деген ниетпен ратификацияланған құжаттың екеуінің де құзырлық-құқықтық күші бірдей. Екеуі де тепе-тең заңдық нормаға ие.

Үшіншіден, Қазақстанның әріптестік мүддесін Ресейден басқа бұзып жатқан ел бар ма? Тіпті аждаһа елі Қытайдың өзі ортақ мүддеге нұқсан келтірмек түгілі, Қазақстанның қойын-қонышына кіріп кетуге құштар. Ал Орта Азиядағы төрт ел басқа қарым-қатынас саласын былай қойғанда, Қазақстанның тасымал транзиттік жолдарына мүдделі болғандықтан, біздің мүддеге кесір келтірер ниеттен тіптен аулақ. Қазақстанның астығы мен малынан қағылса, «қырылып қалар» қаупі бар өзбек ағайын біздің мүддеге мұртын матыруға әуес емес.

Сонда парламентте кезектен тыс және шұғыл түрде қабылданған бұл заң кім үшін және не үшін керек болды? Бұл сұрақтың жауабын жуықта Еуропарламентте қабылданған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі қарардың қисынынан іздеу керек сияқты. Еске салар болсақ, ол Қарарда біздегі адам құқықтары мәселесінің «адам айтқысыз» бұзылып жатқаны жалпағынан жазылған еді. Ол аз болғандай, егер халықаралық демократиялық норма талаптарына қайшы келетін бұл жағдай тыйылмайтын болса, Еуропа одағы Қазақстанның жекелеген лауазымды құзыр иелеріне санкция салу мәселесі де қылаң берді.

Ал елдегі адам құқығына «қастық жасап» отырған кім немесе кімдер? Әрине, бірінші кезекте бірінші президент Назарбаевты ноқталау қажеттігі туады. Үзіліссіз 30 жыл бойы авторитарлық, кландық, жемқор, парақор жүйе құрған адамның атын айналып өте алмайсың. Егер алда-жалда ол санкциялық тізімге тап болса, оған оның өзінен басқа кінәлі кісі болмайды: оны мұндай «басбұзарлыққа» мұқтаж еткен ешкім жоқ.
Әлбетте, ол да адам баласы: Еуропа жақтан шығар-шықпасы әзірге дүдәмал дүрмекке дайын болғаны керек. Содан барып, «әріптестікті бұзған елдерге» қарсы қам жасаудан басқа амал қалмайды… Өзінен кейін топансу қаптаса да бәрі бір: елде өзгеріс жасамай-ақ, қалған өмірін сарқа сүруден басқаға мұқтаждығы жоқ…

Ал «кімдер» дегенде, әрине, жандайшаптар «жарқ» ете түседі: олар сол баяғы Назарбаев нықтап тағайындаған (немесе Тоқаевқа тағайындатқан), адам құқығын тізеге салып, «түзеп» жатқан бас прокурор, ішкі істер министрі, Жоғарғы соттың төрағасы, тағысын-тағы «үкілі» тобыр». Халықаралық қатынастар қағидасын қалтқысыз орындау тәртібіне әбден қанық Тоқаевтың «тоқтату» заңын қабылдауына Назарбаевтың түрткілеуімен бұлардың тықпалауы да себеп болған шығар. Айналып келгенде, бұл түртпек пен соның нәтижесінде туған жаңа заңға санкцияның «салқыны тиген» деген диагноз қоюдың реті келіп тұр…

Ермұрат БАПИ
«DAT». 18.03.2021.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету