Тоқаевтың баспасөз хатшысының «алтын» сағаттары желіде қызу талқыға түсті

0
61

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли таққан «алтын» сағаттар әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен. Алайда Берік Уәлидің өзі қымбат сағаттар тағатынын жоққа шығарды, деп хабарлайды кznews.kz сайты Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бұған дейін қазақстандық Telegram-арналардың бірінде Уәлидің қолындағы сағаттар шамамен 30 мың доллар тұратыны жайлы ақпарат тараған.

13 ақпанда мемлекет басшысы қаңтар оқиғаларынан кейін қаза тапқан азаматтардың 40 күндігіне орай Хазірет Сұлтан мешітіне барған. Осы кезде баспасөз хатшысының да болғанын көруге болады.

Берік Уәли ақпараттың жалған екенін және сағаттардың бұдан әлдеқайда арзан екенін айтады.

«Жылтыраған сағаттың бәрі алтын емес», — деді ол.

Сонымен қатар әлеуметттік желіде Сарыарқа ауданының жаңа әкімі баспасөз хатшысының інісі екені туралы да ақпарат тараған.

«Жүсіпов Жұмағұлмен ешқандай туыстық қатынасымыз жоқ. Оның кім екенін білмеймін, бұрын мүлде араласпағанмын», — деп мәлімдеді ол КазТАГ басылымына берген сұхбатында.