Тоқаев жылды түйіндеді | «Айқын» газеті
Жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының 2018 жылғы қорытынды отырысы өтті. Онда осы бейсенбі, 27 желтоқсанда болатын сенаторлардың жылжабар жалпы отырысының күн тәртібі келісілді.
Палата депутаттары ол жиында Қазақстан мен Хорватия арасындағы «Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық келісімді және оған хаттаманы» ратификациялайтын жобаны қарайды деп күтілуде. Сондай-ақ сенаторлар назарына Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай – Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады.
Бұдан бөлек қолданыстағы кейбір конституциялық заңдарға «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы», еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне «әкімшілік-аумақтық құрылыс және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сонымен бірге, заңнамалық актілерге меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары талқыға салынбақ.
Бюро мүшелері Сенаттың 2019 жылға арналған «Негізгі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Мұның сыртында халықаралық парламенттік ұйымдардағы және шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық топтарындағы Сенат депутаттарының құрамын жасақтады. Қазақстан Сенаты мен Беларустің Ұлттық жиналысының Республика кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия өз жанынан «Инновация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кіші комиссияны» құрды.
Қ.Тоқаев аяқталып қалған жылды қорытындылай келе, Жоғарғы палата жыл ішінде жоспарлы әрі мазмұнды жұмыстар атқарғанын атап өтті. Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды заң жобалары уақытылы құпталды. Сенат отырыстарында 80 заң жобасы қаралып, олардың 72-сі қабылданған, ал 8-і тиісті түзетулер енгізіліп, Мәжіліске кері қайтарылды.
Палата жыл ішінде өзекті тақырыптарға арналған 70-ке жуық маңызды шаралар өткізді. Олардың қорытындысы бойынша атқарушы органдарға нақты ұсыныстар берілді.
Сенат төрағасы Жоғарғы палата депутаттарының Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдағандарын да хабарлады.
– Сауалдарға берілген жауаптардың басым көпшілігіне депутаттардың көңілі толмай отырғанына Үкіметтің назарын аударған болатынбыз, – деді ол.
Бұдан басқа, алдағы жылы Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған маңызды заң жобаларының топтамасы келіп түсетіні мәлім болды.
«Біз жұмысымыздың сапасын одан ары жақсартып, ұлттық заңнаманы жетілдіре беруіміз қажет. Бұл – ең басты міндетіміз», – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын