Тоқаев Семей полигонынан зардап шеккен балаларды оңалту сапасын сынады

0

26 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге барған сапарында «зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, полигоннан зардап шеккендер мәселесі шешілуі керек» деген. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Жиында Тоқаев «полигон салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларды оңалту мүмкіндігін де қарастыру қажет» деген.

«Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүгедек бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл — шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді» деді Тоқаев.

Уәлидің хабарлауынша, президент облыс әкіміне осы мәселені шешуді тапсырған.

Тоқаевтың сөзінше, «Семей полигонындағы ядролық сынақ тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау мен сауықтыруға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі жөнінде арнайы зерттеу жүріп жатыр».

«Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктер көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын» деді президент.

Тоқаев Шығыс Қазақстанға сапарын 26 сәуірде Семейден бастаған.

Қарай отырыңыз: «Сынақ. Полигон маңындағы өмір» фильмі

1949 жылы ашылған Семей полигоны 1991 жылы жабылды. Ал 1953 жылы Совет одағы осы полигонда дүние жүзіндегі алғашқы термоядролық (сутегі) бомбасын жарып сынақтан өткізді. 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды.

Azattyq