Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы Ұлыстың ұлы күні жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайтынын атап өтті
АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны екенін атап өтті.
«Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар. Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі», — делінген құттықтауда.
Тоқаев Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам екенін айтты.
Тағы оқыңыз: Биылғы Наурыз ерекше: Нұрсұлтандықтар мейрамды қалай тойлап жатыр?
«Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы. Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!», — деп ізгі тілегін білдірген мемлекет басшысы.
sputniknews.kz