Тоқаев президент сайлауына қандай ұйым атынан қатысатынын айтты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясы атынан қатысуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым. Осының барлығы азаматтардың кейінгі үш жарым жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді», — деді Мемлекет басшысы.

Президент жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытына белсенді қолдау көрсеткені үшін бәріне алғыс айтты.

«Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отыра өткізуді қамтамасыз ету маңызды. Мен Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беремін», — деді Президент.