Ислам діні бойынша тұрмысқа шыққан әйелдің күйеуінің тегіне өткені дұрыс па?

0
946

Әйел адамның тұрмысқа шыққан соң ерінің тегіне өтуі дұрыс па? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуа» бөлімі жауап берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

Негізінде әр адам өз тегімен аталу керек. Тіпті шариғатымыз асырап алған баланың тегін өзгертуге рұқсат бермейді. Алла Тағала Құранда: «Асырап алған балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол» («Ахзаб» сүресі, 5-аят), – деп бұйырды.

Сондай-ақ Құран Кәрімде: «Ары мен абыройын сақтай білген Имранқызы Мәриямды да мысалға келтіреді» («Тахрим» сүресі, 12-аят), – делінген. Құдайдың және адамдардың алдында мәртебелері жоғары болуына қарамастан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары өз әкелерінің есімімен аталды. Мысалы, Әбу Бәкірқызы Айша, Омарқызы Хафса және Жахшқызы Зейнеп (Алла оларға разы болсын).

Десе де тұрмысқа шыққан кей әйелдер күйеуінің тегіне ауысып жатады. Яғни құжатқа өзінің тегін өзгертіп, күйеуінің фамилиясын жаздыртады. Әрине бұл «пәленше әйел түгенше отбасыға келін болып барды» деп айтқанымыз сияқты әйелді таныту мақсатында жасалады. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Мысалы, Нухтың әйелі мен Луттың әйелі, Перғауынның әйелі, Ибн Аббастың азат еткен құлы Икрима, Әлия (анасы) ұлы Исмаил. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан, шариғатқа қайшы емес. Ал шариғат өз әкесінен бас тартып, «пәленшенің қызы не ұлы» деуге тыйым салады.