Тоқаев пен Путин Қарабахтағы жағдайды талқылады

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Президенттер екі елдің халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара ықпалдастығы туралы пікір алмасты.

Таулы Қарабақтағы қалыптасқан жағдайға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның қақтығыс аймағындағы соғысты және барлық әскери қимылдарды тоқтау туралы келісімге келуінде Ресейдің, соның ішінде, Владимир Путиннің араағайындық қызметін жоғары бағалады.

– Ресейдің белсенді араласуымен осыған дейінгі ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардың бір бітімге келуін қамтамасыз ететін Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы жасалған келісімнің маңызы зор. Мүдделі тараптар Бірлескен мәлімдеменің шарттарын сақтайды деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі елдің Президенттері Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық және одақтастық сипатындағы байланыстарды нақтылады.