Тоқаев оңтүстіктегі жағдайға алаңдаушылық білдірді  

0

Президент оңтүстік өңірде індетті дер кезінде тоқтатпаса, халық тығыз орналасқандықтан жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың оңтүстік аймақтарда жылдам таралуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, карантин енгізудің арқасында вирустың жаппай таралуы бәсеңдеді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жағдай тұрақты. Бірақ, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті.

«Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз», — деді Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның бүгінгі отырысында.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде көктемгі егіс науқаны басталды. Алдағы уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жоба қолға алынады. Осындай уақытта елдегі эпидемиологиялық ахуалға ерекше көңіл бөлген жөн.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі ұзартылды

«Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға тиіс. Бұл ретте, полиция мен мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тек қатаң шаралар түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі тиіс», — деп атап көрсетті Тоқаев.

Осы орайда президент карантинде отырған халықты шыдамдылық танытуға үндеді. Себебі бұл – мәжбүрлі шара. Вирусты ауыздықтаудың басқа жолы жоқ.



sputniknews.kz