Тоқаев Мәсімов пен Сағынтаевты бұрынғы қызметтерінде қалдырды

0

12 маусымда Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Бақытжан Сағынтаевты – президент әкімшілігінің жетекшісі, Кәрім Мәсімовті ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

12 маусымда Қазақстан парламентінің сенаты Мәсімовті комитет төрағасы етіп тағайындау туралы ұсынысты бірауыздан мақұлдаған.

53 жастағы Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы қызметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері атқарады. Оған дейін Мәсімов екі мерзім – 2017-2012 жылдары және 2014-2016 жылдары үкіметті басқарған. Премьер қызметі аралығында, 2012-2014 жылдары, президент әкімшілігіне жетекшілік етті.

55 жастағы Бақытжан Сағынтаев президент әкімшілігін 2019 жылдың наурызынан бері басқарады. Сағынтаевты бұл қызметке Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкасынан соң билікке келген Тоқаев тағайындаған. Бұған дейін ол бір айға жетер-жетпес уақыт мемлекеттік хатшы болған. Сағынтаев биліктен әлеуметтік мәселелерін шешуді сұраған көп балалы аналар наразылығы жиілеген тұста «әлеуметтік-экономикалық саладағы сәтсіз жұмысы үшін» отставкаға кеткен үкіметтің басшысы еді. Наразылық астанадағы уақытша баспаналардың бірінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы мерт болған соң басталған.

9 маусымда өткен саяси науқан – Нұрсұлтан Назарбаев қатыспаған алғашқы сайлау. ЕҚЫҰ «жаппай заңбұзушылық болып, наразылар ұсталған науқан» деп атаған сайлауда, ресми дерек бойынша, Тоқаев 70 пайыздан аса дауыс жинап, жеңіске жетті.

Қазақстандағы сайлаудың ешбірін батыс бақылаушылары әділ һәм еркін өтті деп мойындамаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз