Тоқаев карантин режимі жеңілдейтінін мәлімдеді: Бұл нені білдіреді? – Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда карантин талаптары жеңілдетілетін болды. Бұл туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Сонымен қатар төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды», – деді мемлекет басшысы.

Президент бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек екенін атап өтті. 

«Бірақ кәсіпорындарда барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіліп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады» , – деп қосты ол.

Сондай-ақ Тоқаев халықты сабырлыққа шақырып, сақтық шараларына бей-жайлықпен қарамауды өтінді. 

«Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар», – деді Тоқаев.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай 11 мамырда аяқталатынын жариялаған болатын. 


Қазақстанда балаларға карантин кезінде далаға шығып ойнауға рұқсат етілді

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз