Тоқаев: Азия туралы болжам шындыққа айналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналғанын айтты, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия атаулы ЖІӨ және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша танымал әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың 30 триллион долларлық тұтынуының барлық болжамды өсуінің тек 1 триллион доллары Батыс экономикаларына түседі деп күтілуде. Алайда, Азияның болашағы біздің мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті дамыту үшін қабылданған қадамдар осы мақсатқа сәйкес келетініне сенім білдірді.
«Кеңес бұдан былай Азия құрлығында жұмыс істейтін басқа да табысты көпжақты ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы прогреске, экономикалық өркендеуге және диалогқа ықпал ететін болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.